Марка көрші елге көлік жеткізуді де тоқтатады, деп хабарлады kolesa.kz.

3 наурызға қараған түні Toyota Motor Ресейге Toyota және Lexus автокөліктерін жеткізуді доғарғанын хабарлады. Бұл хабарлама компанияның ресми сайтында жарияланды. Сонымен қатар 4 наурызда Camry седаны мен RAV4 кроссоверін шығаратын Санкт-Петербургтегі зауыттың жұмысы тоқтайды.

Аталған зауытта өндірілген машиналар Қазақстан нарығына жеткізіледі. Былтыр біздің елде 5.6 мың Camry және 3.2 мыңға жуық RAV4 өтті. Бұл — елде сатылған Toyota көліктерінің тең жартысынан астамы.

Toyota өкілдері аймақтағы логистика желісі бұзылғандықтан шектеу енгізілгенін мәлімдеді.

Анықтама ретінде: Toyota көліктері Қазақстанға Ресейден бөлек тағы бірнеше елден жеткізіледі. Атап айтқанда, Land Cruiser Prado мен Land Cruiser 300 Жапониядан, Corolla мен C-HR Түркиядан, Hilux Таиландтан, Highlander АҚШ-тан әкелінеді.