Мажарстан жыл сайын Қазақстан студенттері үшін 250 оқу грантын бөліп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мажарстанның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийартоның Қазақстанға жұмыс сапары барысында осындай мәлімет келтірді.

«Инвестициялық жобалар энергетика, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері, мұнай және газ, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, көлік пен логистика сияқты маңызды салаларда іске асып жатыр. Бүгінде Астана халықаралық қаржы орталығының алаңында өз өкілдігін ашу мүмкіндігін қарастырып отырған Мажарстан компанияларының саны ұлғаюда. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықтың маңызды элементтерінің бірі – білім саласы. Қазіргі таңда Мажарстанда еліміздің бір мыңға жуық студенті білім алып жүр. Бұл мақсатта достас мемлекет жыл сайын 250 грант бөліп отыр», — деді СІМ басшысы.

Сондай-ақ, ол мажар тілінде білім алуға қызығушылық танытатын студенттердің саны артып келе жатқанын атады.

«Мажар жоғары оқу орындарында қазақ тілін үйреніп жүрген мажар студенттеріне де ризамыз. Бұл жастардың келешекте елдерімізді байланыстыратын «жанды көпірге» айналатынына күмән жоқ. Қазақстан-Мажар қарым-қатынасының ауқымы біз көтерген мәселелермен ғана шектелмейтініне сенімдімін. Өткізген келіссөздеріміз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға кең өріс ашады. Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийарто мырзаның сапары екіжақты, көпжақты форматта Нұр-Сұлтан мен Будапешт арасындағы стратегиялық әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға қосымша серпін береді деп үміттенемін», — деді Мұхтар Тілеуберді.