Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) сәуір айының қорытынды рейтингін жариялады.

FIDE ай сайын шахматтың классикалық, рапид және блиц түрлері бойынша рейтинг жариялайды. Рейтинг бірнеше категорияға бөлінеді: ашық, әйелдер, 20 жасқа дейінгі ұлдар және 20 жасқа дейінгі қыздар.

Желтоқсан айында Варвашада өткен әлем чемпионатында шахматтың блиц түрінен жеңімпаз атанған қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы блиц және рапид рейтингтерінде бірінші орынды сақтап қалды. Сондай-ақ, Бибісара классикалық шахматтан қыздар арасында әлемнің 3-шахматшысы атанып отыр.

Әйелдер арасындағы рейтингте Қазақстан құрамасының үздігі Жансая Әбдімәлік сәуір айында 2 позиция жоғалтып, 15-орынға жайғасты, ал Динара Садуақасова 28-орында тұр. Рейтингтің осы категориясында Бибісара Асаубаева 32-позицияда.

Әлемнің үздік 100 шахматшы әйелдері қатарында 17 жастағы астаналық спортшы қыз Меруерт Қамалиденова да бар. Ол рейтінгте 44-орында.

Қазақстанның ерлері әлемнің үздік 100 шахматшысы қатарына ілінген жоқ. Ал 20 жасқа дейінгі блиц категориясында Рамазан Жалмаханов 33, Қазыбек Нөгербек 44-орындарда.