Талдықорған қаласын аралау барысында облыс әкімі А. Баталов қалаішілік газдандыру ісіне қарқын қосуды тапсырып, бұл аса маңызды жобаның жүзеге асырылуын тікелей қадағалап отыратынын айтты.
Қаланы көгілдір отынмен қамту жайы туралы “Жетісу ОблГаз” мекемесінің директоры Владимир Тохтасунов баяндады. Оның айтуынша қалаішілік газбен жабдықтау желілерін тарту ісінде қазір 200-ден астам адам еңбек етуде. Алғашқы кезектің жұмысы қыркүйек айында аяқталса, жалпы қаланы толық газдандыру ісі 2018 жылы тәмамдалуы тиіс. А.Баталов бұл істі келесі жылы толық бітіру үшін жұмысшылар саны жеткіліксіз екенін, жұмыс кестесін әзірлеп, соған сәйкес жұмыс істеу қажеттігін қатаң тапсырды.
— Талдықорғанды газдандыру — аймақ үшін аса маңызды жобалардың бірі. Сондықтан белгіленген межеге қол жеткізу үшін күн сайынғы атқарылған жұмыстарыңның есебі болуы керек. Оның бәрі жұмыс кестесінде айқын көрініп, сол кестеге сәйкес жұмыс жүргізілуі тиіс. Қажет болса жұмысшылар санын арттырыңдар, — деді А.Баталов.
Жалпы, “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ Жетісу өндірістік филиалы қазір қаланың 25 көшесі мен “Қаратал” шағын ауданының абоненттерін көгілдір отынға қосу жұмыстарын бастады. Биылғы жылы облыстағы газбен қамтылған елді мекендер санын 123-ке, қамту көрсеткішін 26%-ке жеткізу жоспарланған.