Қазақ тарихына терең бойлап, өткенді еске алмасақ, нәубет жылдары ұрпақты сақтап қалу жолында ақтық демі қалғанша күрескен батырлардың ерлігін айтпасақ, біздің болашақ жайында сөз қозғауға қақымыз жоқ. Осыны мақсат еткен Журналистер клубы мен қоғам белсенділері Достық үйінде бас қосты. Олар «Қоғамдық рухани жаңғыру. ХХ ғасыр, 30-жылдардың басы мен 40-жылдардың ортасындағы аштық, қуғын-сүргін, күштеп қоныс аудару қайғылы оқиғаларын талдау. БАҚ-тың рөлі» атты тақырыпты кеңінен қозғады.
Қанша жыл өтсе де тарих сахнасынан азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргін және Екінші дүниежүзілік соғыс ешқашан өшпек емес. Әсіресе, Кеңес кезінде еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін ашаршылыққа ұшырағанын, талай қазақ баласының мәйіті ен далада аң-құсқа жем болғанын, тірі қалғандарын аяусыз қинап жазалағанын бүгінгі ұрпақ ешқашан санасынан шығармауы керек. Тәуелсіздік жылдары том-том тарих беттеріндегі қымбат әрі бағалы ақиқатты жариялап, өскелең ұрпақтың санасына шегелеу – алдыңғы буын ағалардың ісі. Осыны алға тартқан Журналистер клубының төрағасы, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов ата-бабаларымыздың тартқан тауқыметі тарихпен дәлелденгенін, олардың ерлігін үнемі жастарға айтып отырудың азаматтық парыз екенін тілге тиек етті.
Жиында Қызыл әскердің көшін бастаған Сталиннің сұрқия саясатынан туған жерін тастап, қазақ шаңырағына бас сауғалап келген ауыр тағдыр иелері жайлы арнайы дайындалған деректі фильм көрсетілді. Туындыда әр этнос өкілдері өздерінің аман-есен осы күнді көргендігі бауырмал, көпшіл қазақ елінің ерлігі екенін зор мақтанышпен білдірді. Шиеттей бала-шағамен отырса да, қуыстай үйінің бір бөлмесін босатып, ауыр жағдайда келген бауырларын құшақ жая қарсы алған қазақ отбасылары жайлы көздеріне жас алмай айтқан жан болмады.
Басқосудың маңыздылығын сөз еткен Атсалим Идигов тарих қойнауынан құнды дүниелерді тілге тиек етті.
– Социалистік заманда Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ. Кеңес жылдарында жекелеген партия, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халық сенімсіз де сатқын ұлттар қатарына жатқызылып, кіндік қаны тамған атамекенінен күштеп жер аударылды. Бас кезінде олардың кейбіреулерінің немесе көпшілік бөлігінің өз Отанын сатқандығы атап өтілді, артынан аталған халықтарды тұтастай шығыс өңірлерге көшіру туралы шешім қабылданды. Дәл осылай қарашай, қалмақ, чешен, ингуш, балқар, Солтүстік Кавказ, Грузия, Қырым өңірінен халықтар көшіріліп, ұлттық автономиялар жойылды. Басқаша айтқанда, олардан мемлекеттілігі тартып алынды. 30-40 жылдардағы халықтар депортациясы қоғамдық-әлеуметтік форманың жоспарлы акциясына, адам психикасына әсер ете отырып, халықты ұлттық тамырынан айыруды ойластырған тағылық эксперимент, ғаламды қайта құру тәжірибесіне айналды.
Күштеп қоныс аудару кезінде жол бойында және арнайы лагерьлер мен тұрақжайларда бұл халықтардың жартысына жуығы опат болды. Оларды бір сәтте туған жерінен айырып, мал сияқты жүк вагондарымен Қазақстанға алып келді. Сталиндік куғын-сүргін кезінде осы халықтардың алдыңғы қатарлы зиялыларына қарсы «үлкен террор» жасалды, ұлттың бетке ұстарлары түп-тамырымен жойылды. Тек Тәуелсіздік тізгінін қолға алған соң тың әрі нақты деректер том-том кітап болып жарыққа шыға бастады. Енді біз өзіміздің тарихымызды жас ұрпаққа насихаттауымыз керек. Әртүрлі этнос өкілі болсақ та, біздің Отанымыз, туған жеріміз біреу. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Қазақ даласында орын алған мұндай қиын-қыстау күндерді тек 31-мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алғанда ғана айтылмауы тиіс Ел тарихы жайлы біз кез келген ортада еркін талқылап жүруге міндеттіміз, – деді Журналистер клубының төрағасы.
Басқосуда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Сәуле Сұрабалдинова, облыстық «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Амир Газалиев Қазақстанға күштеп қоныс аудару тақырыбында баяндама оқыды. Осы тақырып шеңберінде жиынға қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Алдыңғы аға буын өкілдері тарих бетіне алтын әріппен жазылған құндылықтарымыз жастарға үлкен олжа екенін айтып, ақжарма тілектерін арнады.
Басқосу соңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистер қауымын төл мерекелерімен құттықтап, облыстың Құрметті азаматы Оралбек Жақиянов арнайы диплом мен бағалы сыйлықтарды тапсырды.