Воскресенье, 22 декабря, 2024
No menu items!

Жетісудағы әйгілі институт дайындаған қазақ бидайының сортын 11 мемлекет өсіруде

Басқа ақпараттар

Таяуда Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасымен және «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» ҚҚ ұжымымен бірлесе отырып, «Егінжай күні» деп аталатын семинар-кеңес өтті. «Қазақстанның оңтүстік шығысында егістік дақылдардың жаңа сорттары мен оларды өсірудің инновациялық технологиялары» тақырыбында өткен бұл алқалы басқосуға Алматы және Жамбыл облысы ауылшаруашылық басқармасының басшылары, аудандардағы сала мамандары және шаруа қожалықтарының жетекшілері шақырылған болатын.

Қонақтар институттың бас директоры Серік Кененбаевтың басшылығымен егіс алқаптарын аралады. Өз кезегінде Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, академик Рахым Оразалиев өсіп тұрған бидайдың төзімді әрі мол өнім беретін сұрыптары жайында қызықты баяндады.

– Жер бетінде шикізаттың бәрі де күндердің-күнінде сарқылуы мүмкін. Жер-Ананың адамдарға берген ырыздығының ішінде бидай ғана мәңгілік қажеттілік болып қалады. Біз жоғары технологиялы өндіріс қатарын көбейте отырып, егін шаруашылығын дамытуға баса мән берудеміз, – деді.

Ғалым өз жұмысында жердің өз құнары мен табиғи тыңайтқыштарды пайдалануды бірінші кезекке қояды. «Әлемнің дамыған елдері химиялық тыңайтқыштардан бас тартуда. Оларда мемлекет тарапынан берілетін субсидия негізінен осы салаға бағытталған. Бұл Қазақстан үшін де өзектілігін жоғалтқан емес», – дейді ол.

Бүгінге дейін институт ғалымдары дәнді дақылдардың 116 жаңа сұрыбын шығарып, өндіріске енгізген. Олардың 85 сорты тек қана бидайға қатысты. Даламыз кең, егіс алқаптары есепсіз болғанымен Қазақстан жері қауіпті егіншілік аймағы болып саналады. Себебі, бізде суармалы егістік көлемі есептеулі, көктен түсетін ылғал да әр жылдары әрқалай.  Сондықтан бидайдың қуаңшылыққа төзімді болып, мол өнім беретін түрін шығаруға ғалымдарымыз күш жұмсап келеді.

Осы орайда, институт алқаптарында шығарылған бидайдың жаңа сұрыптары ылғал аз болған жылдардың өзінде әр гектардан 18-22 центнер өнім беруге қабілетті. Бұл өндіріс рентабельділігін қамтамасыз етуге жеткілікті көрсеткіш. Ал, ылғал қалыпты болған жағдайда 40 центнер орташа түсім алынса, қар қалың түсіп, жаңбыр мол жауған жылдары 55 – 60 центнер өнім алуға мүмкіндік бар. Мысалы, жауын-шашын мол болған биылғы жылы бидайдың кейбір сұрыптарынан  60-65 центнерден астық жиналады деп күтілуде.

Институт жұмысының пәрменділігі – мұнда шығарылған бидайдың 80-нен астам  жаңа сұрыптары әлемнің 11 мемлекетінде өсіріліп жатқанынан байқауға болады. Жылдан-жылға қызығушылық танытқан елдердің қатары артып келеді.

Ал өзімізде, өзге облыстарды айтпағанда Жетісу жерінде 26 жаңа сұрып кеңінен пайдаланылуда. Соның ішінде «Қарасай», «Стекловидная – 24», «Богарная» деген сұрыптардың сапасы жоғары, макарон өндірісінде пайдалануға өте қолайлы болып тұр. Айтса айтқандай, бітік әрі биік болып бой көтерген бидай алқабы қараған адамның көзін тойғызып, көңілін өсіретіндей. Әр шалғайдан келген қонақтар әр сұрып жайлы мәліметтер алып, оны өсірудың жай-жапсарын біліп жатты.

Семинарға қатысушылар дәнді бұршақ дақылдары өсірілетін алқапқа ат басын тіреген. Жалпы, егіншілікке қатысты барлық бағытта жұмыс жүргізетін еліміздегі бірегей ғылыми-зерттеу институтының қамтитын саласы кең екеніне осы жолы көзіміз жете түскен. Бұл жерде бидайдың, тарының, арпаның, сұлының, жүгері мен қызылшаның аудандастырылған сұрыптарын шығарумен қатар, дәнді-бұршақ дақылдарының сапалы әрі төзімді түрлерін зерттеу жолға қойылған.

Бөлек-бөлек телімдерде өсіп тұрған софлор, соя,  ноқат, жұмық, майбұршақ, қарақұмық сияқты өнімдер кімді де болса қызықтырарлықтай.  Мұндағы жүгері алқабындағы мойындарын көкке сөзған дала аруының, Жетісу жерінде ежелден өсірілетін қант қызылшасының жаңа сұрыптары жермен жұмыс жасайтын шаруажай жұртшылықтың мүдделілігін туғызуға тиісті.

Әлемдік ғылыми қауымдастықтың бір жетістігі ретінде бағаланатын – «Третикале» өнімі  – ХХІ ғасырдың дақылы атағына ие болған. Бидай мен қара бидайды будандастыру арқылы алынған бұл дақыл негізінен мал азығы ретінде және диеталық тағам дайындауда пайдаланыдады. Бір гектар алқаптан 100 центнерге дейін өнім беретін Третикале бұдан әлдеқайда аз шығым беретін арпаның орнын алмастыратын мүмкіндікке ие. Институтта оның 10-ға тарта сұрыбы өсірілуде.

Күн тәртібіне енгізілген «Республикалық тұқым өндіруші шаруашылықтардың ассоциациясы» құрылтай шартының жобасымен институт директорының орынбасары Шынболат Рсалиев таныстырып, жиналған қауымның ұсыныс ескертпелерін ескере келіп, аталған бірлестікті құру жайында меморандум қабылданды.  Еліміздің әр шалғайынан келген мамандар мен шаруа қожалықтарының басшылары өздерін толғантқан мәселелерге қатысты сұрақтарын қойып, тұщымды жауап та алып үлгерген.  Бір сөзбен айтқанда, бұл басқосудың еліміздің ауыл шаруашылығын, соның ішінде егіншілікті жамытуға қосар үлесі қомақты болады деген сеніммен тарқасты.

Соңғы жарияланымдар

Қайсар Бекенов ҚФФ басқарушы директоры қызметіне тағайындалды

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) Басқарушы директоры қызметіне Қайсар Рауфовұлы Бекенов тағайындалды. Қайсар Бекенов 1986 жылы 20 наурызда дүниеге келген. 2013-2019...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз