Құрылысы өткен ғасырдың 68-жыл-дары қолға алынса да бірқатар себептермен аяқталмай қалған ең үлкен демалыс орындарының бірі әрі бірегейі «Жетісу Resort» санаторийі күні кеше ғана өзінің тұсаукесерін жасады. Қарадаланың төсінде сұлу бойжеткендей сымбаты мен сәулеті жарасым тауып менмұндалаған ғимараттың кез келген жолаушының көзіне бірден түсері хақ. Айналасы жасыл желекке оранған, өрік, алма сияқты жеміс ағаштарының түр-түрімен көмкерілген санаторий шын мәнінде шалғай жатқан ауданның ғана емес, ірі бір орталықтың сәнін келтіретіндей-ақ дүние болыпты.
Аудан әкімі Алимжан Тохтасунов алғашқы құттықтау сөз кезегін алып, алыстан ат терлетіп келген қонақтарға «Қош келдіңіздер!» деген ілтипатын білдірді. Заманауи жобамен жасалған, әр заты өз орнын тапқан ғаламат санаторийдің ашылуы аудан үшін зор мақтаныш екендігін айта келе, ол мынадай сұлулығы көз тартар санаторийді салып, халық игілігіне ұсынған Стақан Белғожаұлына алғысын жеткізді. Бесжұлдызды санаторийдің еліміздің туризм саласына қосылған үлкен үлес екендігін айта келе, келушілердің көбеюіне тілектестігін білдірді. Қасиетті Қарадалада қалашық іспетті орын тепкен «Жетісу Resort» санаторийінің ашылу салтанатына еліміздің бетке ұстар азаматтары мен елге танымал жазушы, журналистердің қатысуының өзі Стақан Белғожаұлының беделі мен абыройын асқақтата түскендігін атап өтті.
Жетісуды жеті әулиеге теңеген танымал ақын жерлесіміз Бақыт Беделхан сөз майын тамызып, еліне елеулі, халқына қалаулы болған мемлекет және қоғам қайраткерлерін, Қазақстанның дамуына, өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан бір топ азаматтарды сахна төріне шақырды. Олар екі дәуірдің де даму, өркендеу кезеңдерінде билік басында болған Кеңес Аухадиев, Қуаныш Сұлтанов, Шәмшә Беркімбаева, жерлесіміз, мақтанышымыз жазушы, драматург, ақын Нұрлан Оразалин, Стақан Белғожаұлының інісі, аталмыш құрылыстың авторы Амангелді Ермегияевтар.
Кеңес Аухадиев санаторийдің аудан жұртшылығы ғана емес, жалпы ел үшін жасалған үлкен жұмыс екендігін айта келе Стақан Белғожаұлының Асанбай Асқаровтай тау тұлға адамдардың жанында жүріп, қызметтес болғандығын тілге тиек етіп, ешқашан кеуде керуді білмейтіндігін, сол кезде қандай қарапайым болса қазір де сол қалпынан таймағандығын айтып өтті. Ашып отырған санаторийіне құтты болсын айтты.
Қоғам, мемлекет қайраткері, Қуаныш Сұлтанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудың айқын дәлелі осы санаторий екендігін айтып, алғашқылардың қатарында жұртшылыққа мынадай ғажайып ғимарат сыйлағаны үшін інілік ілтипатын, алғысын жеткізді.
Еліміздің білім саласының дамуына ұшан-теңіз үлес қосқан, кезінде Білім, ғылым министрлігінің тұтқасын ұстаған, ҚызПИ-дің ректоры болған Шәмшә Көпбайқызы бәсеке заманында адам денсаулығы мен тән тазалығы үшін жасаған сауапты ісіне Алланың разылығын тілеп, ертегі еліндей жасаған дүниесіне құтты болсын айтты. Қазір қалталы азаматтардың көбісінің мейрамхана салуға құмар, ал балалар үшін музыка, спорт мектептерін ашуға көбінің құлықсыз екендігін, адам саулығы үшін жасалған мынандай дүниенің ғұмырлы болатынына тоқталды.
Құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, өнер десе ішкен асын жерге қоятын республикалық ақындар айтысының демеушісі Амангелді Ермегияев та өзінің ізгі тілегін айтып, құрылысшы мамандығын таңдағандығы, Стақандай ағасымен қызметтес болғаны үшін Жаратушыға алғысын айтса, Нұрлан аға Оразалин 1968 жылдары осы құрылыстың алғашқы іргетасы қаланған тұста мектеп оқушысы болғандығын есіне алып, сол кездердегі оның келбетін әдемі де әрлі сөздерімен суреттеді. Стақан Белғожаұлының жұмысына табыс тілеп, кітаптары мен естелік сыйлығын тарту етті.
Танымал кардиолог, халықаралық «Жыл дәрігері» атағының иегері, Сүмбе ауылының тумасы Әрмен Рысмендиев те туған жерінде мынандай таңдай қақтырар нысанның бой көтергендігіне қуанышын жасыра алмай, 1981-2001 жылдары кардиология институтын басқарып отырған кезінде осы ыстық судың қасиетін зерттеуге мүмкіндік туғандығын айтып, сол кездегі арманының бүгін орындалғанына масаттанып, Стақан Белғожаұлына мықты денсаулық тіледі.
Республикалық деңгейдегі бірқатар газеттерді басқарған белгілі журналист, «Айқын» газетінің редакторы Нұртөре Жүсіп сексеннің сеңгіріне шыққан ағаның мынандай шаруасына құтты болсын айтып, санаторийдің сәулетін қазақтың Тәж-Маһалына теңеп, демалыспен бірге ем алу үшін де жасалған шипа орны жұмысының жанданып, ем алушылардың көбеюін тіледі.
Алыстан ат арылтып келген қонақтардың ішінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлының, халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшиддин Паттеевтің, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әріннің болғандығын Стақан ағадай заман ағысынан қалыспаған жандарға және аудан халқына көрсетілген зор құрмет деп бағаладық.
«Жетісу Resort» санаторийі Іле Алатауының баурайында, Кетпен жотасы мен Іле ойпаты жазығының арасында, Шарын шатқалы мен Шаған тоғайы секілді бірегей табиғат ғажайыптары орын тепкен өңірде толыққанды демалу және емделу үшін бар қажеттілікті өтейтін тамаша демалыс орыны. Бір мезгілде 300 адамға дейін қабылдай алатын, стандартты эконом класс бөлмесінен президенттік нөмірге дейін кез келген талғамға сай жайлы бөлмелері, ингаляцияға, спа-процедуралар мен физиотерапияға арналған заманауи аппаратуралармен жарақталған кешен болашағының жарқын боларына сенім мол. Құрметті қонақтарға арналған дастарқан басында құтты болсын айтушылардың саны арта түсті. Шипалы судың қасиетін көруге асыққан жұрт бұл күні санаторий аумағын емін-еркін аралап, суға түсіп, жан сарайларын да, тәндерін де тазалауға мүмкіндік алды.
Кешеннің аумағында жекеменшік наубайхана, фазенда, жылыжайлар, мейрамхана, бар, караоке, тренажерлік зал, бассейн, балалардың ойын алаңшалары, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, теннис корты бар. Ең бастысы, жай демалыстап келсеңіз де керемет жағдайға тап болатыныңыз сөзсіз.
ұл санаторийдің ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі – табиғат сыйлаған гипотермалық минералды су көзі болып табылатындығы. Медицина мамандары шипалы судың барлық сырқатқа дерлік шипа боларын түсіндіреді. 50 шақырым жерде орналасқан Тұзкөл кен орнынан батпақ әкелініп, лаймен емдеу процедурасы жасалынатындығы да бұл өңірде бұрын-соңды кездеспеген жайт, тың жаңалық.