Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі азаматтарды жұмысқа орналастыруға бағытталған «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламаларын іске асырып жатыр. Бұл туралы елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл әлеуметтік жобалар айтарлықтай күшейтілді. Биылдан бастап елордада «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында қатысушылардың еңбекақысы 40 АЕК – 122 мың теңгеге дейін өсті. Практикадан өту мерзімі екі есе, 6 айдан 1 жылға дейін ұлғайтылды, – деп жазды ол.

Жұмыс берушіге ыңғайлы болу үшін электрондық еңбек биржасы бар «enbek.kz», онда «Жеке кабинет» арқылы практиканы ұйымдастыруға электрондық өтінім беруге болады.

Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беріледі. Грант алу үшін үміткер «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өтуі қажет.