ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында «Электрондық жеке іс» жаңа сервисін іске қосты, ол жұмысқа орналасу процесін жеделдетуге және қызметкердің жұмыс берушіге деректерді қағаз түрінде беру қажеттілігін болдырмауға мүмкіндік береді.

«Жұмыс берушілердің көбі әлі күнге дейін қызметкерлерден еңбек кітапшасын, жеке парақ пен өмірбаянды жазбаша тапсыруды талап етеді. Азаматтардың бұған наразылық білдіруі орынды. Мұндай ескі тәсілдерден арылу қажет», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында.

Енгізілген сервистің арқасында әлеуетті қызметкердің түйіндемесін қарау және оны одан әрі ресімдеу кезінде жұмыс беруші қызметкердің жеке ісін электрондық форматта алу үшін Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі – ЕШЕБЖ) сұрау салуды жүзеге асыра алады.

Жұмыс беруші Еңбек кодексінде сипатталған шарттар шеңберінде мынадай кез-келген ақпаратты: жеке куәлік деректерін, фотосурет, білімі және отбасы мүшелері туралы ақпарат, вакцинация, ЕШЕБЖ-дан жұмыс тәжірибесі туралы ақпаратты сұратуға құқылы. Бұдан басқа, мынадай электрондық анықтамаларды алуға болады:

– соттылықтың болмауы/болуы туралы;

– психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлерде есепке алу туралы;

– 0/75у анықтама;

– мүгедектік туралы анықтама.

Бұл ретте қызметкерге смс-хабарлама арқылы немесе Электрондық еңбек биржасы (бұдан әрі – ЭЕБ) порталындағы жеке кабинетке әлеуетті жұмыс берушіге өз деректерін ұсынуға сұрау келеді. Оң жауап алғаннан кейін, ЕШЕБЖ жеке іске қол жеткізуге мүмкіндік береді. Оның негізінде жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа қабылдау және онымен еңбек шартын жасасу туралы шешім қабылдайды. Осы жерде электрондық еңбек шартының жобасын жасауға болады.

ЕШЕБЖ қызметкердің  сауалға жауабын күнтізбелік 7 күн ішінде күтетінін атап өткен жөн. Бас тартылған немесе жауап болмаған жағдайда, жұмыс берушіге деректерді ұсынудан бас тартылады. Келісім ақпарат сұраған ұйымдағы барлық жұмыс мерзіміне жарамды болады. Егер келісім жасалмаса немесе бұзылса, келісім автоматты түрде заңсыз болып саналады.

«Электрондық жеке іс» сервисі құжаттарды қолдан жасау тәуекелін болдырмайды және еңбек шарттарын жасасу кезінде қағаз құжаттарды ұсынудан бас тарту арқылы жұмысқа орналастыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта жұмыс берушілер сервисті ЭЕБ немесе кәсіпорындағы кадрлық есептің ақпараттық жүйелері арқылы пайдалана алады. Бұдан әрі бұл функционал әзірленіп жатқан еңбек ресурстары порталында қолжетімді болады.

Қызметкердің жеке ісін ұсыну сервисі шеңберінде ЕШЕБЖ  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, ҚР Әділет министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен, сондай-ақ ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен біріктірілген.