Алматы қаласындағы облыс әкімі өкілдігінің ғимаратында облыс әкімінің орынбасары Айдарбек БАЙЖАНОВТЫҢ қатысуымен Чехиядан келген инвесторлармен келіссөздер жүргізілді.
Елде мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі бағдарламасы аясында көптеген жоба жүзеге асырылып жатқаны аян. Ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыру мақсатында қолға алынған бұл жобаға шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытуда. Осы орайда Чехияның «Амикрон» компаниясының өкілі Ладислав Тишу арнайы келіп, Қарасай ауданында орналасқан өндірістік аймақты электр қуатымен қамтамасыз ететін Көкөзек подстанциясын салуға мүдделілік танытты.
Қарасай ауданының Елтай ауылдық округінде ірі өндіріс орындарының бой көтергені жұртшылыққа белгілі. Электр қуатын үлкен мөлшерде тұтынатын бұл кәсіпорындар күн өткен сайын электр тапшылығын тартуда. Облыс әкімі Амандық Баталов осы өңірде кәсіпкерлер және инвесторлармен кездескенде бұл мәселені шешуге уәде берген. 125 мегаватт қуаттылығы бар «Көкөзек» подстанциясы осы тапшылықты толықтай жоюға септігін тигізбек.
Айдарбек Естебекұлы жүргізген кездесуге Чехияның «Амикрон» компаниясының өкілімен бірге «Алатау-Жарық» компаниясының басқарма төрағасы Мұхит Үмбетов, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының басшысы Евгений Тен, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Маржан Мұратқызы және өзге де мүдделі тараптар қатысты. Ашық әңгіме барысында жобаға қатысты барлық мәселе жан-жақты талқыланып, әріптестіктің шарттары келісілді. Чехия тарапы бұл жобаға қатысуға келісім берген жағдайда, подстанция құрылысына тендер жарияланып, облыс әкімі, «Алатау-Жарық» компаниясы және «Амикрон» компаниясы арасында үшжақты келісім жасалып, жұмыстар басталмақ.