Өмірді ұзартудың жолы, ұзақ өмір сүруге септігін тигізетін қарапайым амал – ол жаяу жүру. Көбірек жаяу жүру. Бұл жайлы біршама зерттеу жұмыстары да жүргізіліп, медицинада дәлелденген факті.
Мәселен, Communication Biology журналында жарияланған Лестер Университетінің (Ұлыбритания) ғалымдар тобы жүргізген зерттеуде күнде жаяу жүруді әдетке айналдырған адамның өмірі 15 жылға дейін ұзаратыны айтылған. Әсіресе, жылдам жүруді, тез жүруді әдетке айналдырғандардікі биологиялық жасы ұзаққа кетеді екен.
Зерттеу жұмысын жасаған ғалымдардың айтуынша, жаяу жүрген сайын адам ағзасындағы хромосоманың ұш жағы – теломер атты денешіктің ұзындығы қысқармай, ұзақ сақталады екен. Адам өмірінің қысқалығы да осы теломердің қысқаруынан болады. Әрі адамның жасы келген сайын, теломер де қысқара беретін көрінеді. Теломер қысқарған соң, ағзаның өзін-өзі қалпына келтіру қабілеті, дегенератив үрдісі нашарлайды.
Осы қорытындыға келу үшін ғалымдар орта жастағы 405 981 адамның өмір сүру салты мен жаяу жүру әдетіне талдау жасаған.
Ал Lancet Public Health журналында жарияланған ғылыми зерттеуде адамның өмірі жүрген қадамынының санына байланысты деген қорытынды жасалған. Мәселен, 60 жастан асқан қария күнде 6-8 мың қадам жүрсе, денсаулығы қалыпты, өмір жасы да тұрақты болмақ. Ал 60 жасқа дейінгілер күніне 8-10 мың қадам жүруі керек екен. Сонда ерте өлім болмайды.
Мұндай қорытындыға зерттеушілер 50 мың адам қатысқан 15 зерттеу метаанализін тексеру арқылы келген.
Мамандардың айтуынша, жаяу жүру жүрек жұмысын жақсартып, қан айналымын тұрақты етеді әрі есте сақтау қабілетін нашарлатпайды. Сондай-ақ бұлшықет пен сүйектің де кішірейіп кетуінен сақтайды.
Жаяу жүрудің мына түрлері пайдалырақ:
— Тауға шығу;
— Жылдам, тез жүру;
— Табиғат аясында жаяу жүру, серуендеу;
Дереккөз: massaget.kz