Шымкентте мемлекеттік қайтарымсыз грант алып кәсіп бастап жатқан 29 жасқа дейінгі жастардың саны артып келеді. Солардың бірі — Айдын Ниязбаева. Ол өткен жылы қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, көлемі 200 АЕК (584.000 тг.) құрайтын мемлекеттік грантқа үміткер ретінде өтінім беріп, тиісті құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде комиссия оның шағын баспа өнімдерін шығаруға арналған бизнес жобасын мақұлдап, көп ұзамай тиісті қаражат тағайындалған. Бұл туралы muzbalaq.kz жазды.

Нәтижесінде баспа қызметіне арналған түрлі-түсті принтер мен ноутбук сатып алған. Бүгінде инстаграм арқылы тапсырыс қабылдап, визиткалар, қызметтік куәліктің жапсырмаларын, алғыс хаттар мен басқа да баспа өнімдерін шығаруда.

Жалпы, 2021 жылы 700-ден астам шымкенттік 200 АЕК көлеміндегі мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізген болса, биыл 6 лек (поток) бойынша барлығы 1150 адамды қамту жоспарлануда.

Айта кету керек, 1-14 сәуір аралығында бірінші лек бойынша 2019,2020,2021 жылдары “Бизнес бастау” жобасымен оқудан өтіп сертификат алғандар 400-ден астам онлайн өтінім қабылданған. Оның 336-сы комиссияға ұсынылған. Нәтижесінде 226 азаматтың бизнес жоспары мақұлданып, оларға тиісті грант қаржысы тағайындалу үстінде.