Понедельник, 25 ноября, 2024
No menu items!

«Қазақстанның үздік тауары» анықталды

Басқа ақпараттар

Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен Алматы облысы тауар өндірушілерінің форумында «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің қорытындысы шығарылып, жүлдегерлері белгілі болды. Аймақтық конкурс-көрмеде аты оза шапқан «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС, «Лепсі өнімдері» ЖШС және «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС сынды іргелі кәсіпорындар республикалық конкурстың өңірлік кезеңінің жеңімпаздары болып, олардың әрқайсысына 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Форумға қатысушылар мен жүлдегерлерді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы келіп, құттықтады.

Жылына бір рет болатын басқосу І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы фойесінде облыстың әр ауданы мен ауылында өндірілген түрлі өнеркә­сіп тауарларынан ұйымдастырылған көрмені тамашалаудан басталды. Көрмеден соң залға жиналған көпшілік алдына көтерілген облыс басшысы форумға қатысушыларды құттықтап, өңірдегі өндіріс саласының жетістіктері жайлы айтып, бизнестің дамуына, кәсіпкерлікті қолдау шараларына жан-жақты тоқталды.

– Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілердің алдына өнім сапасын халықаралық стандарттар талаптарына жауап бере алатындай деңгейге дейін көтеру жөнінде аса зор міндеттер қойды. Басымдыққа ие салаларда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті өр­кендетуге қатысты тың міндеттер жүк­теліп отыр. Сонымен қатар 2050 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін екі есеге арттыру керектігі жөнінде тап­сырма қойылды. Облысымыздағы кәсіпорындардың әлеуеті аса зор. Ең бастысы, мақсатты бағыттан ауыт­қымауымыз қажет. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасал­ған. «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-конкурсының барлық қатысушы­ла­рының талпынысына серпін тілей отырып, республикалық байқауда жеңіс тұғырынан көрінетіндігіне сенім танытамын, – деген облыс басшысы келесі кезекте конкурс-көрме жеңім­паздарын марапаттады.

Республикалық конкурс-көрменің облыстық кезеңінде үздік кәсіпорын атанудан үміткерлер төрт аталым бойынша сынаққа түсіпті. Соған сай жүлдегерлер де осы аталымдар бойынша анықталып, марапатталды. Әр аталым бойынша 3 жүлделі орын белгіленген. Мәселен, «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» аталымында I орынды «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС жеңіп алса, «Үздік азық-түлік тауары» аталымында – «Лепсі өнімдері» ЖШС, «Халыққа арналған үздік тауар» аталымында «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС үздік деп танылды. «Жетісу жауһарлары» ЖШС қызмет көрсетуші үздік мекеме ретінде алға шықты. Жоғарыда аталған аталым­дардағы екінші және үшінші орындарға ие болған кәсіпорындар ішінде азық-түлік, құрылыс материал­дарын шығаратын, киім тігетін және басқа да өнімдер өндіретін зауыттар мен фабрикалар бар. Жеңіске жеткендерге 200 мың теңгенің, екінші және үшінші орыннан көрінгендерге 100 және 150 мың теңгенің сертификаттары тап­сырылды. Бірқатар кәсіпкерлер облыс әкімінің алғысхатын иеленді.

Өңірлік конкурс-көрмеге қа­ты­сушылар мен жеңімпаздарды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Алматы облыстық филиалы­ның директоры Ләззат Шыңғысбаева да құттықтап, облыста оза шапқан кәсіп­орындардың республикалық байқауда да өздеріне лайықты биіктерден көрі­нетіндігіне сенім білдірді.

Конкурс-көрмеде бақ сынағандар мен топ жарғандар атынан «Үздік азық-түлік тауары» аталымының үшінші орнына лайықты деп танылған жеміс шырындарын шы­ғаратын Apple World ЖШС директоры Дәурен Әлибаев сөз сөйлеп, мемлекет та­рапынан жасалып отырған қолдаулар мен облыстық әкімдіктің демеулері арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп отырғандарын айта келе, кешегі бәсекелес, бүгінгі жеңімпаз әріптестеріне республикалық кон­курста сәттілік тіледі.

Биылғы конкурстың аймақтық ке­зеңіне Алматы облысының 50 кәсіпоры­ны қатысыпты. Енді лауреаттар Астанада өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2017» көрме-конкурсының республи­калық кезеңіде бақ сынайтын болады.

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img