Есте қалар ескі әндер

4750

Сәніне сәулеті сай І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында тағы да тамаша ән кеші өтті. Жүрек қылын шерткен керемет кештің біз де куәгері болдық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Ретро Жетісу» атты облыстық вокалды-аспапты ансамбльдер фестивалі өтті. Салтанатты іс-шара облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және халық шығармашылығы орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.

80-ші жылдарда хит болған әсем әндерді қайта жаңғыртқан Мәдениет сарайының сахнасы гүлге толды. Қазақ сазгерлерінің әндерімен қатар шетелдің танымал әуендері жан дүниемізді өзге бір әлемге жетелеп, сезім пернелерін шерткендей болды. Музыка ұлтқа бөлінбейтінін ескерген көрермен құдды бір ана тілімізде тыңдап отырғандай құмарта құлақ тосты. Ноталардың ырғағы жүрек түкпіріне терең бойлап, саз сиқырына қалай арбалып қалғанымызды сезбей де қалдық.

– Кезінде осы әуендерді тыңдап өстік қой. Үйден қашып, талай би кештеріне барушы едік. Қарап отырсаңыз, кеше ғана болған сияқты еді. Қайран, он сегіз. Жалт етті де жоқ болды. Орындаушылардың шеберлігі таңғалдырды. Осындай ән кештері жиі өтіп тұрса жақсы болар еді, – дейді қала тұрғыны Жомарт Ерікбаев.

Фестивальге өңіріміздің барлық аудандарынан сай тасындай іріктелген дарынды жастар қатысты. Бәрінің де дайындықтары жоғары. Ал шырқаған әндері адам жанын жалындатқандай, ерекше күйге бөлейді.

Сондай-ақ, фестивальде облыстық, республикалық ән байқауларында топ жарған елімізге белгілі өнер жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдар да болды. Олар жас орындаушыларға шынайы тілекші, шын қамқор екендерін көрсетті.
Қатысушыларға ұйымдастыру алқасы ризашылығын білдіріп, арнайы дипломдар мен Алғыс хаттарды табыс етті.