Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа «Әулиеата жастары» жобасы жайлы айтып берді.

Оның айтуынша, «Әулиеата жастары» жобасы аясында шілде айынан бастап жастарға жеңілдетілген несие берілмек.

«Бағдарламаны әзірлеуде облыстың ерекшеліктері ескеріліп, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізге алынған.

Өңірде бүгінде тұрғын үй алуға 7 140 жас кезекте тұрса, жер телімін алуға кезекте тұрған жас әулиеаталықтардың саны 11 мыңға жуықтайды. Дәл қазір бағдарламаға жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп отыр. Алайда бұл қаржы бар болғаны 50 жасты ғана баспанамен қамти алады», дейді Серікбол Берікқожа.

Оның айтуынша, жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 13 миллион теңге. Несие беру уақыты – 19 жыл. Ал пайыздық мөлшерлеме мен бастапқы жарна 5 пайызға тең.

«Осы жылдың бес айы өтіп кеткендіктен «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ уәде еткен 50 пайыздық қаржыландыруды көрсете алмайды. Сондықтан биыл тек 50 жас қоныс тойын тойлайды. Келер жылы банк тарапынан қолдау болса, баспаналы болатын жастардың санын 100 адамға жеткізуді көздеп отырмыз», – дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.

Серікбол Берікқожаның айтуынша, бағдарламаның әлі де пысықтайтын тұстары баршылық.

«Негізі, бүгінде өңірде 13 миллион теңгеге дейінгі бағада баспана табу қиын емес. Алайда тұрғын үй жастардың бәріне бірдей бұйыр­мауы мүмкін. Оған себеп – үміткердің жасы 35-тен аспауы тиіс. Сонымен қатар жобаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.

Әрине, 50 баспана кезекте тұрған 7 140 жастың жұмырына жұқ болмайтыны анық. Оған қоса, бағдарламаның әлі де пысықтайтын тұстары баршылық», деді ол.