Воскресенье, 22 декабря, 2024
No menu items!

Бабалар рухы асқақтады

Басқа ақпараттар

Өткен аптаның Қазақстан халқы үшін мерекелі де берекелі болғаны анық. Себебі, еліміздің Ата Заңы – Конституция күнін атап өтісімен жұртшылық мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айтты тойлауға кірісіп кетті. Дәл осы кезде, яғни қыркүйек айының алғашқы күні Қарасай ауданында «Батыр бабалар» мемориалының ашылуы айта қаларлықтай тағы бір айшықты шара болды.

Бұл өзі ел тағдырына бейжай қарай алмайтын ұлтжанды азаматтардың бастамасымен осыдан біраз жыл бұрын қолға алынған іргелі істердің жалғасы. Атап айтқанда, Қарасай ауданының аумағында алдымен «Нұр Мұсахан» мешіті есігін ашып,  оған іргелес «Күлиман Ана» медресесі бой көтеріп,  соңынан «Анаға құрмет» деп аталатын ел көлемінде баламасы жоқ мұражай  жұртшылыққа қызмет көрсете бастаған болатын. Осындай сауапты шаралардың басы-қасында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  жөніндегі ұлттық бюро төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың отбасы мен Мұратбек Сүлейменов, Әбдібек Бимендиев, Бауыржан Оспанов, Василий Симачов, Бейбіт Сапаралы, Бахарадин Аблазимов сынды елге танымал тұлғалар тұрғанын айта кету керек. Жаны ізгі адамдардың қолдауымен қолға алынған шарапатты шараның жалғасы Ұлы Дала елінің азаттығы жолына ғұмырларын арнаған батыр бабаларымыз, хандарымыз бен билеріміздің ерлік даңқын паш ететін мемориалдың салынуына ұласты.

Ақ мәрмәрмен әспеттелген, дөңгелене өрлеп, ортасында болаттан бой көтерген стеласы бар әсем ғимарат алыстан менмұндалап, жолаушылардың назарын бірден өзіне аударады. Мемориалды қоршай орналасқан қабырғадағы халқымыздың сан ғасырлық ерлік пен өрлікке толы өмірін бейнелейтін көріністерді толқымай тамашалау мүмкін емес. Мемориал алдындағы сахнаны қоршай қо- йылған орындықтарға самайын қырау шалған қариялар, ақжаулықты аналар мен сыйлы қонақтар жайғасты. Жастар жағы қолдарындағы гүл шоқтары мен  жалаушаларын желбіретіп, салтанатты сәттің басталуын асыға күтуде. Қарасай ауданының өнерпаздары шырқаған рухты әндер осы бір айтулы шараның мазмұнын аша түскендей.

Тамашаға жиналған жұртшылық алдымен Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының әртістері әзірлеген сахналық қойылымның куәсі болған. Көз алдымыздан қызылбастардың қандықол патшасы Кирге қирата соққы берген бабаларымыз Массагеттердің патшайымы Томиристің қаһарлы келбеті, ғасырға созылған Жоңғар шапқыншылығын түйіндеп, жерімізді жаудан азат еткен Қазақтың Қарасай батыры, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай батырлар мен хан Абылай, қазақ мемлекетінің тұтастығы мен азаттығына өлшеусіз үлес қосқан Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің рухты тұлғалары көлбеңдеп өтіп жатты.

Мемориалдың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ алдымен жиналған жұртшылықты мұсылмандардың ұлық мейрамы – Құрбан айтпен құттықтап өтті.

– Құрметті меймандар, қадірлі қауым! Бүгінгі «Батыр бабалар» мемориалының ашылу салтанаты құтты болсын, – деді ол сөзін сабақтап. – Жер жаннаты Жетісу өңірінде осындай тарихтан сыр шертетін бай мұраға толы орындардың ашылуы үлкен қуаныш. Мемориалдың теңдесі жоқ жәдігерлері, айтар ұлағаты мол болсын. Біздің еліміздің батыр, ержүрек болмысын айшықтап жеткізе алатын орынға айналсын!

Осыдан соң Амандық Ғаббасұлы жиналған көпшілікке  Елбасының  «Туған жерге тағзым» атты бағдарламасы аясында  атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтті. Атап айтқанда, дәл осы күні Еңбекшіқазақ ауданының Ащыбұлақ ауылында  кәсіпкерлер мен әкімдіктің бірлесуінің нәтижесінде жастарға арналған саябақ пайдалануға берілген. Есік қаласының қасында  Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасына сәйкес 600 орынды мектеп ашылған екен. Осы бағдарламаның қолдауымен Алматы облысында 35 мектептің құрылысының жүргізіліп жатуы да үлкен жетістік. Оның 23-і жаңа оқу жылында оқушыларға өз есігін ашпақ. Тек биыл ғана өлкемізде бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер санының 49 мыңға жетуі үлкен қуаныш.

Облыс әкімі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру негізінде «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында салынған «Батыр бабалар» мемориалының ішкі экспозициялық-көркемдік безендіру жұмыстарын жасағаны үшін «Заманту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Шамиль Қожахановты арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Жалпы құны 465 миллион теңге болатын мемориалдың салынуына демеушілер өз үлестерін қосса, әрлеу-көркемдік жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлінгенін айта кету керек.

Салтанатты жиында осы мемориалдың салынуына мұрындық болған мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-майор Алик Шпекбаев жиылған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтаса, жастар атынан сөз алған мектеп оқушысы Дархан Шавхатов ұрпақ сабақтастығын сөз ете келіп, батыр бабалар жолын жалғастыруға  дайын екендіктерін білдірді. Қарасай ауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қыдыр­әлиевтің баталы сөзі де көпшіліктің көңілін тербетті. Осы өлкенің түлегі, генерал-майор Қайрат Сатыпалдыұлының мемориал экспонаттары қатарына сыйлаған Ұлы Даланың бес қаруын асынған жауынгер сұлбасы да ерекше тарту болды.

Осыдан кейін Амандық Ғаббасұлы мен Алик Жатқамбайұлы мемориалдың лентасын қиып, қадірменді қонақтар жаңа мәдениет ошағының ішіне қадам басты. Аса ауқымды мемориал ішінен шын мәнінде бабалар рухы сезіледі. Сонау сақ дәуірінен кейінгі Алашорда кезеңіне дейін кезең-кезеңмен сыр шертетін елдігіміздің қалыптасу тарихын осы жерден бағамдауға болады. Ортадағы төрт қабырға төрт құлақ мазарды бейнелесе, көк аспандағы жұлдыздар батыр бабаларымызды айшықтайды. Ал, ортадағы аққан жұлдыз ел мен жер үшін шейіт болғандарды бейнелеп тұр. Ана бір үйілген тастар жаугершілік заманда майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді жерлеп, таспен қоршап кететін дәстүрді айтып тұр. Биік мінберге қойылған аттың тұяғымен жер шарына із қалдырған батыр образы азаттықты сақтауға ант етіп тұрған кейінгінің аманатындай. Қазақстанның Мәдениет қайраткері Сергей Пожарский салған ұзындығы 15, ені 3 метр болатын панорамаларда Кир патшаға тойтарыс берген Тұмар ханымның жеңісті жорығы мен Қазақ-Жоңғар соғысы көрініс тапқан. Ішкі қабырғаларға қазақтың даңқты батырлары мен ел еркіндігіне өлшеу­сіз үлес қосқан хандарымыздың бейнесі қойылып, ерлік істері жазылған тақталар жарасым тауып тұр. Бұл мемориал болашақта қазақ елінің аса күрделі тағдырынан сыр шертіп, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге үлес қосатыны даусыз.

Халқымыздың дәстүрі бойынша бұл күні батыр бабалар рухына құран бағышталып, ас берілді.

Соңғы жарияланымдар

Қайсар Бекенов ҚФФ басқарушы директоры қызметіне тағайындалды

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) Басқарушы директоры қызметіне Қайсар Рауфовұлы Бекенов тағайындалды. Қайсар Бекенов 1986 жылы 20 наурызда дүниеге келген. 2013-2019...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз