Әдемі қалалар мен аралдарға барсам деп армандайтындарда «Әдемі ауылға барып көрсем осы» деген ой болып па екен? Әлбетте, жоқ! Келесі суреттер сондай ой салар деген ниетпен әлемдегі әдемі ауылдарды ұсынамыз.
Ивуар, Франция
Францияның ең әдемі ортағасырлық Ивуар ауылы Женева көлінің Франция жағалауында орналасқан. Бұл ауылда бәрі таңғажайып әдемі: ортағасырлық архитектура, тар көшелер, дүңгіршіктер мен жергілікті көлдің балықтарын ұсынатын мейрамханалар және әлемнің бұрыш-бұрышынан келген туристер тоқтайтын небәрі 5 қонақ үй. Көшелер мен бақшалар жыл бойына гүлдеп тұрады. Бірақ, гүлденген Ивуар жазда ерекше әдемі. Ауыл тұрғындары гүл өсіру мен естелік сыйлықтарын жасаумен айналысып, ауыл тіршілігіне беймарал көңіл-күй береді.
Ивуарға келген әр турист Шато д`Ивуар қамалын, аққулы көл бойында серуендеуге міндетті. Сонымен қатар, әдемі ауыл Францияның ұлттық байқауында ортағасырлық аура мен элементтерді қаз-қалпында сақтап қалған мекен ретінде ерекше сыйлық жеңіп алды.
Эвиан, Франция
Таулар мен Женева көлінің айнадай көрінісі танымал Эвиан саяжайының басты ерекшелігі. Ауыл Савой Альпі тауының етегінде, Франция мен Швейцарияның шекарасында орналасқан. ХІХ ғасырдың соңынан бастап бұл мекенде әлемдегі ең танымал минералды су — «Evian» шығарылады.
Саяжай танымалдылығының артуы да, әлемдік брендке айналған дәл осы емдік судың қасиеттерінің арқасы. Қазіргі кезде турситер ғажайып мекенге сұлулықтан ләззат алып, денсаулықтарын жақсартуға келеді. Эвиан көлдің жағасында орналасқан шағын ауыл. Мұнда бірнеше ипподром мен гольф клубтары, казино, кафелер, мейрамханалар мен аталып өткен минералды сумен емдейтін «Thermes Evian» су орталығы бар.
Эвианның басты қонақ үйі болып саналатын Эвиан Руаяль Резорт – 50 га паркте орналасқан үлкен байссейнді, сауықтыру орталықтары бар көл жағасында орналасқан жоғарғы санаттағы зәулім сарай.
Эвиан саяжайы гольф академиясымен де танымал. Бұл жерде әйелдер арасындағы халықаралық L’Evian Championship Golf Club турнирі өтеді. Мұндағы Chalet du Golf еуропа қаймақтарының жиі бас қосатын орнына айналған.
Билбери, Англия
Глостершир графтығындағы ауыл әлемдегі ең әдемі мекен екенін Уильям Моррис те тамсана мойындаған. Колн өзенінің бойындағы тар көше ғажайып көпірге алып келеді. Ал, XVІІ ғасырдың ағылшын үйшіктері қоршай орналасқан әулие Мария шіркеуі бұл жерге нағыз Еуропа ауылының көрінісін береді.
Сиракава-го, Япония
ЮНЕСКО мұрасының қатарына кіретін Сиракава-Го ауылы япониялық Гифудың солтүстік бөлігінде орналасқан. Сокава өзенінің бойына орын тепкен ауылда небәрі 60000 үй бар. Алғашында ауыл қоғамнан алшақ болып, ешқандай географиялық картада белгіленбеген. Айналасындағы қалың орман адастырарлық болып есептелген. Ал, қазір әйгілі «гассхо» стильінде салынған үйлерді тамашалауға келген туристерді автобуспен аралатуға мүмкіндік бар.