Отандық белгілі режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» толықметражды тарихи көркем фильмі көрерменге жол тартпақ.
Режиссер бұл туындысын қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің «Талақ» және «Әже» шығармаларының желісімен таспалағанын мәлімдеді.
ҚР Мәдениет және спорт министірлігінің тапсырысы бойынша түсірілген картинаға «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдау көрсеткен.
XX ғасырдың 20-30 жылдарын көз алдыңа әкелетін тарихи көркем фильмге елді күштеп колхоздастырудың салдары, сол замандағы халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі өзекті мәселелері, әйел тағдыры арқау болған.
Туындыдағы басты рөлдерді қазақстандық белгілі актер Ерболат Әлқожа және жас актриса Амира Омарова мен желіде «Аёка crazy» ретінде танылған кішкентай актриса Аяна Бауыржанова сомдайды.
Түсірілім жұмыстары Жетісу облысы, Панфилов ауданындағы Әулиеағаш ауылында өтті.
Қазақ киносының қоржыны тағы бір құнды туындымен толығар күн алыс емес.