Алматы облыс орталығындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Еңбек күні мерекесі ерекше аталып өтті. Салтанатты басқосуға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар және әр салада нәтиже көрсетіп жүрген еңбеккерлер қатысты.
Жұмысшылардың еңбегін бағалау, оларға құрмет көрсету мақсатында өткізілген мерекелік жиын барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбек жолын баяндайтын бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды. Облыс әкімі Амандық Баталовтың жүрекжарды лебізін жеткізген Жақсылық Мұқашұлы өңір экономикасының берік іргетасын қалап, сенімді де лайықты ұрпақ өсіргендігі үшін жиналған еңбек ардагерлеріне алғысын білдірді.
– Тынымсыз әрі еселі еңбектің нәтижесінде алқабымыз астыққа, дастарқанымыз дәмге, үйіміз берекеге толып отыр. Мұның барлығы әрқайсыларыңыздың төгілген маңдай терлеріңіздің жемісі. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі мен маңдай терін халықтың игілігіне арнаған адамдардың есімдерін атап, атқарған істерін жас ұрпаққа үлгі ету – біздің міндетіміз бен азаматтық парызымыз. Биыл облыстың өнеркәсіп өнімдері 4,5 пайызға артып, 468, 5 млрд. теңгені құраса, ауылшаруашылық саласындағы негізгі көрсеткіш 1,5 пайызға көтеріліп, 281, 6 млрд. теңгеге жетті. Осындай көрсеткішке сіздердің қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз, – деді Жақсылық Мұқашұлы.
Облыс әкімінің орынбасары сөз арасында күні бүгінге дейін абыройлы ісі мен еңбекқорлығының арқасында жас ұрпаққа үлгі, өнеге бола білген екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергенов, Николай Головацкий, Жолсейіт Молдасановтардың есімдері тарих сахнасынан өшпейтінін айтты. Отбасылық өмір мен еңбектің тізгінін қатар ұстаған, Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген Зылиха Тамшыбаева, Мәриям Аябаева, қызылшашылар Битай Тәтенова, Зәкария Сейітова, Мәмила Әлімбаева, атақты жүгерішілер Күләш Айтжанова, Адалят Зайнаудинова апайларымыздың есімдері тарихта алтын әріппен жазылды. Әкім орынбасары осы тұлғалардың ерен еңбегі ешқашан- да ұмытылмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, биыл қарапайым еңбеккерлердің санын арттыру мақсатында облыстағы 5 колледжде жаңа мамандықтар ашылып, жастар білім алуда. Болашақта күнделікті тұрмысқа қажетті мамандықтарды меңгерген жастар әртүрлі салада еңбек етіп, ел дамуына біршама үлес қосатын болады.
Мерекелік шарада әр салада жемісті еңбек еткен, білімді де білікті мамандар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін Талдықорған қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалы телекоммуникация дирекциясы бас директорының кеңесшісі Жексембай Мейрембаев иеленді.
Еңбек адамының мәртебесін арттыру, жұмысшы кәсіптерін насихаттау, ең үздік еңбек әулеттері мен кәсіпорын жұмысшыларын айқындау мақсатында жыл басынан бастап «Еңбек жолы» байқауы жарияланған болатын. Аталған байқау нәтижесінде түрлі мамандық иелері бақ сынасып, үздіктер анықталды. «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған, Ақсу ауданындағы теміржол саласында 30 жылдан астам еңбек еткен Бүкеевтер (суретте) әулетіне және «Өндірістің үздік жас жұмыскері» атанған Сарқан қаласындағы «Жетісу изолятор» кәсіпорнының жас инженері Арман Мусинге, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» атағын иеленген Текелі қаласы, Рудный ауылындағы №17 орта мектептің физика пәні мұғалімі Алтынай Әлқуатқа облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Ал аталған байқаудан екінші орын алғандар 300 мың теңгенің сертификатын иеленді. Сондай-ақ, онлайн дауыс беруде жоғары нәтиже көрсеткен мамандар 200 мың теңге алды.
Салтанатты шараға жиналған көпшілік назарына Сүйінбай атындағы облыстық филармония ұжымының концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Салтанатты шараға жиналған көпшілік назарына Сүйінбай атындағы облыстық филармония ұжымының концерттік бағдарламасы ұсынылды.