Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен М. Тынышпаев атындағы облыстық өлкетану музейінің қолдауымен өңіріміздегі тарихи мұражайлар бір-бірімен экспозиция алмасып, тарихи тұлғалардың қадір-қасиетін жас ұрпақ көкейіне құюды мақсат тұтуда. Осы жоба жемісті жалғасын тауып, Лепсідегі Мұқан Төлебаев музейінің экспонаттары Кербұлақ ауданындағы Шоқан Уәлиханов музейіне қойылып, өңір тұрғындарына ұлы композитор мұрасы жан-жақты насихатталған болатын.
Жуырда сарқандықтар аты аңызға айналған жиһанкез ғалым Шоқан Уәлиханов туралы мағлұматтарын кеңейтуге мүмкіндік тапты. Қыркүйектің 27-сінде Мұқан Төлебаев музейінде Шоқан Уәлиханов музейінің экспозициясының ашылу салтанаты өтті. Жағымды жаңалықты естіген Лепсінің үлкен-кішісі осы ізгі шараға куә болды. Алдымен Шоқан Уәлиханов туралы деректі фильм көрсетілді. Одан кейін құйрықты жұлдыздай ағып өткен ғалым музейінің директоры, «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет саласының үздігі Сәуле Әбішева Шоқан мұрағаттары мен тұтынған заттарын слайд арқылы жұртшылыққа таныстырды. Лепсідегі Ушинский атындағы орта мектептің 7-сынып оқушылары дайындаған Шоқан өмірінен көрініс, осы өңірдің өнерпаздары орындаған патриоттық әндер көрермендер көкейінен шықты. Салтанатты жиынға қатысқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жалел Құдияров, аудандық мәслихаттың депутаты Жанат Құрмашев, Мұқан Төлебаев музейінің директоры Ақжібек Жұматаева сөз алып, осынау танымдық шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Ғалым экспозициясының лентасы қиылып, жиынға қатысушылар бір ай бойы Мұқан Төлебаевтың мемориалдық музейінде тұратын Шоқан Уәлиханов мұрағаттарымен, жәдігерлерімен қауышып, ғалым өмірінің тылсым сырына қанықты.