«Жас сақшы» жасағының мүшелерін марапаттау рәсімі өтті

1887

Бүгін «Қазмедиа» орталығында Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Жас сақшы» құқықтық тәртіпті сақтау жасағының мүшелерін марапаттау рәсімі өтті. Мерекелік кешті ашу үшін сөз ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевқа берілді. Әрі қарай жас сақшыларға марапатты ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских табыстады. Көрермендер мен қатысушыларды кеш бойында күйші Айбек Бекбосынов күйімен тербетсе, Рүстем Жүгінісов, Жаңабай Өтегенов секілді әншілер әндерімен баурады.

2017 жылдың наурыз-қараша айлары аралығында «Жас сақшы» құқықтық тәртіпті сақтау студенттік жасақ мүшелері жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып қаладағы әкімшілік тәртіпті сақтауға бағытталған рейд өткізуге үлес қосып, халық арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын атқарды.

Олардың арасында түрлі сайыстар мен шаралар өткізілгендігі де белгілі. Осындай спорттық сайыстарда үздік деп танылған спортшыларды марапаттауға қазақ күресінен Азия чемпионы Сейтен Айбат шақырылды.
Биылғы жылы жас сақшылар саны бес жүзге жуықтаса, бүгін оның жүзден астамы марапатқа ие болды. «Жас сақшы» құқықтық тәртіпті сақтау жасағының қатары патриоттық сезімі бар жігерлі жастармен толығып жатқандығы қуантады.