Биыл Түркістан қаласында 200 мыңнан аса ағаш егу жұмыстары басталып та кетті. Бұл туралы Түркістан қаласының баспасөзі хабарлады.
Қазіргі таңда, климатқа бейімді интродуцияланған ағаш көшеттері — айлант, қарағаш, боз арша, акация егілуде. Сонымен бірге, күл ағаш, үйеңкі, жиде, ива ағаштары да шаһардың жасыл желегін көркейтеді.
Бұл ағаштардың егілу аумағы — Ж.Майкотов көшесінің 29 гектарын, Айналма тас жолының- 15 гектарын, Кентау тас жолының 20 гектарын қамтымақ. Одан бөлек, Отырар мөлтек ауданы Желілік саябағындағы 2,9 гектар, Б.Саттарханов пен Қазыбек би көшелері аралығындағы 25 гектар жерге егіледі. Сонымен бірге, Төреқұлов көшесі мен Шатқал аймағында да көшеттер отырғызылады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, шаһарда — 600-ден астам ағаш бар. Оларға химиялық өңдеулер жасалып, стимулятормен, тыңайтқыштармен тыңайту жүргізіліп тұрады. Қысқы және жазғы күтімдері қадағаланып отырады.