Халықтың табысын арттыру бағдарламасына республикалық бюджеттен 197 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы қаржы вице-министрі Татьяна Савельева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде Халықтың табысын арттыру бағдарламасына 197 миллиард теңге қарастырылды.
Вице-министр бұл қаржы қандай бағыттарға жұмсалатынын түсіндірді.
«Біріншісі – 10 мың азаматқа өз бизнесін ашуға микрокредит беру. Бұған 40 миллиард теңге бөлінеді. Бағдарлама мақсаты – ауыл халқын тұрақты қосымша табыспен қамтамасыз ету. Кредит 6 процентпен, 7 жыл мерзімге қайтарымды негізде беріледі», — деді Савельева мәжілісте заң жобасын таныстырып жатып.
Екіншісі – «Алғашқы жұмыс орны», түлектерге арналған «Жастар практикасы» жобалары аясында жастарды қолдау. Шығын – 18 миллиард теңге.
Қоғамдық жұмыс жобаларын жүзеге асыруға және жаңа «Күміс жас» жобасын енгізуге 38 миллиард теңге жұмсалады.
Сондай-ақ жекеменшік тұрғын үй қорынан жалға алынған баспананың ақысын субсидиялауға 40 миллиард теңге бағытталады.