«Көктал Агро» ЖШС-де тамшылап суғару технологиясын қолданудың нәтижесінде өнімділік көрсеткішін 3 есеге, ал суды үнемдеуді 6-7 есеге арттыруға мүмкіндік туындады, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ауыл шаруашылығына инновациялық технологияны енгізу – Мемлекет басшысының маңызды тапсырмаларының бірі. Өңірде осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігі туралы өңір басшысы Амандық Баталов Панфилов ауданына жасаған жұмыс сапары барысында айтты.
Панфилов ауданындағы «Көктал Агро» ЖШС-да бұл орайда нәтижелі жұмыс бар. Ауданға жасаған сапары барысында серіктестіктің алқабында болған облыс басшысы мұнда 263 га жерге енгізілген тамшылатып суару жүйесінің қолданылып отырғанына куә болды.
«Көктал Агро» ЖШС директоры Жәнібек Оханов өткен жылы егістік алқабының 80 гектарына тамшылатып суару әдісі қолданған болса, биылғы жылы қосымша тағы 183 гектарға осы әдісті қолданып отырғандығын хабарлады. Осылайша біртіндеп 500 гектар алқапты осы әдіске көшіру жоспарының барын да атап өтті. Бұл істе израильдік құрылғылар пайдаланылады. Сондай-ақ келісім бойынша украиналық «Ирригатор Украина» компаниясының мамандары техникалық жағынан қолдау көрсетуде. Құрал-жабдықты сатып алуға қажетті субсидия мемлекеттік «Агробизнес-2020» бағдарламасы арқылы алынды. Өткен жылы «Көктал Агро» ЖШС базасында оқыту-үйрету семинары өткен болатын.
Тамшылап суғару технологиясын қолдану арқылы өнімділік көрсеткішін 3 есеге, ал суды үнемдеуді 6-7 есеге арттыруға мүмкін туғандығы туралы Ж.Оханов хабарлап өтті. Қазіргі уақытта кәсіпорын өсімдік шаруашылығы мен жүгері өңдеуші кәсіпорындарға шикізат жеткізу бағытына басымдық беруде. Алдағы уақытта тұқым шаруашылығына көшу жоспары бар, алайда ол үшін жер алқабы қажет. Өңір басшысы осы аталған сұрақты назарға алып, қажетті қолдау көрсетуді тапсырды. Облыс әкімі Амандық Баталов өз өлкемізде сапалы тұқым дайындау қажеттігін айта келе ауылшаруашылығында заманауи технологияларды қолданудың маңыздылығы жайында ойын білдірді.
-Ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды қолдану – уақыт талабы, бұл бір жағынан өнім көлемін арттырса, екінші жағынан табиғи ресурстарды едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл сөзімнің дәлелін «Көктал Агро» мысалында анық көруге болады. Қазір жұмыстарды өзге де кәсіпорындарда қалыптасқан қарқыннан бәсеңдетпей жүргізу керек. «Көктал Агро» базасында жиі семинарлар өткізіп, өзгелермен жинаған тәжірибемен бөлісу қажет, — деп атап өтті өңір басшысы А. Баталов.
Ескертетін болсақ, «Көктал Агро» ЖШС-нің негізі 2004 жылы қаланған, «АзияАгроФуд»-тің еншілес компаниясы болып табылады. Оның құрамына бұдан өзге Шамалған крахмал-сірне зауыты да кіреді. «Көктал Агро» ЖШС-нің егістік алқаптарынан жиналған жүгері өнімі осы аталған зауытқа жеткізіледі.
Жалпы ағымдағы жылы Алматы облысында ресурс үнемдеу технологияларын пайдаланатын алқаптардың көлемін 161 мың гектарға жеткізу жоспары тұр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 157 мың гектарды құраған болатын. Сондай-ақ 15,2 мың га. алқапта суды үнемдеу технологиясын енгізу жоспарлануда.