Астанада жүргізілген жедел іс-шаралар барысында есірткі заттарын сақтап, таратумен айналысты деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Jas.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Күдіктінің көлігін тексеру кезінде ішінен өзіне тән иісі бар сұрғылт-жасыл түсті зат салынған пакет, екі литрлік бөтелке және осындай зат толтырылған екі бес литрлік ыдыс табылған. Сондай-ақ электронды таразы тәркіленді.
Сараптама нәтижесі бойынша алынған заттардың гашиш екені анықталды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 7 келіден асады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу ауыр қылмыс екенін ескертеді. Қазіргі уақытта есірткі қылмыстарының жолын кесу бағытындағы жедел-профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр.
