Астана күні мерекесіне орай Талдықорғанда 50 орындық жаңа балабақша ашылды. Мектепке дейінгі мекемеде балаларды ағылшын тілінде оқытатын арнайы курстар қарастырылған.
Сондай-ақ тәрбиеленушілерді үйлерінен балабақшаға тасымалдайтын көлік те бар. Мекеме басшылығының сөзінше, бақшаның ақысы айына 18-20 мың теңге. Тасымалдау құны да осының ішіне кіреді.
«Өзім осы саланың маманымын. Қазір 6 тәрбиеші бар. Жалпы 20 шақты адам жұмыспен қамтылып отыр. Күзге дейін тағы 100-120 орындық ғимаратты ашуды жоспарлап отырмыз. Білімді ұрпақ тәрбиелеуге бар күш-жігерімізді саламыз», — дейді балабақша меңгерушісі Гүлбаршын Кенжебекова.
Айта кету керек, бүгінде Талдықорған қаласы бойынша балаларды балабақшамен қамту деңгейі 92,5 пайызға жетті.