Баспананы жалдау ақысы мен мемлекеттен бөлінетін қаражат аударылатын жалдаушылардың шоттары үшінші тұлғалардың өндіріп алуларынан, тыйым салуларынан және өзге де шектеулерден қорғалады. 

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі заң жобасын таныстыру барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев мәлімдеді.

«Табысы төмен, үй кезегінде тұрған жандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін жедел шешу мақсатында Министрлік пәтерлерді жеке тұрғын үй қорынан жалдау ақысын субсидиялау тетігін пысықтауда. Сол арқылы көпбалалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңге) төмен отбасылар үймен қамтамасыз етіледі»,-деді ол. 

Вице-министрдің айтуынша, бұл қолдау шаралары қысқа мерзімде 70 мыңға жуық кезекте тұрған адамның баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Бүгінгі таңда төлемдерді тағайындау ережелері бекітілді. Бұл тетік ағымдағы жылдың 1 мамырынан іске қосылады», – деді Е. Дауылбаев.

Сондай-ақ, ол баспананы жалдау ақысы мен мемлекеттен бөлінетін қаражат аударылатын жалдаушылардың шоттары үшінші тұлғалардың өндіріп алуларынан, тыйым салуларынан және өзге де шектеулерінен қорғалатынын атап өтті.