Талдықорғандықтар Астана күнін сән-салтанатпен атап өтті.Түрлі шаралар шаһардың әр жерінде өтті. Басты мерекелік думан «Жастар» саябағында ұйымдастырылды.
Саябақ қақпасынан кірген қонақтар алдымен жас палуандар күресін көріп, суретшілер көрмесін тамашалады.
Астана күні мерекесіне орай Талдықорғанның қоғамдық жолаушылар көлігі тағы 5 автобуспен толықты. Су жаңа көліктер салтанатты жиында шерулетіп өтті.
Сондай-ақ Талдықорғандағы 48 мемлекеттік мекеме «Жастар» саябағына уақытша көшіп келді. Биыл екінші мәрте өтіп жатқан «ашық мемлекет» атты жәрмеңкеде 700-ден астам мемлекеттік қызмет туралы ақпарат беріліп, олардың қолжетімділігі түсіндірілді. Осылайша жетісулық ағайын той тойлаумен қатар, жәрмеңкеден күнделікті өмірге аса қажетті пайдалы кеңестерін алды.
Астана күніне орай Талдықорғанда өтіп жатқан ауқымды шараның тағы бірі «Ақ бидай — 2017» ауылдық спорт ойындары. «Жастар» спорт сарайында басталған жарысқа 1800-ге жуық спортшы қатысты. Аталмыш додада облыстың әр түпкірінен жиналған спортшылар волейбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, шағын футбол, гір тасын көтеру, қол күресі мен асық атудан бақтарын сынады. Спорттық шара 9 шілдеге дейін жалғасын тапты.