Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойыны әлі аяқталмаса да, 2000 жылдан кейін туылған жастардың жетістіктерін Қанат Байұзақов саралап көрді.

🇳🇿 Жаңа Зеландия, Зои Садовски-Синнотт (21 жаста)

Фристайлдан слоупстайл бағдарламасы бойынша чемпион атанып, Жаңа Зеландия тарихындағы алғашқы алтын жүлдені сыйлады. Ол бұған дейін 2018 жылы 17 жасында да фристайлдан биг-эйр жаттығуы бойынша қола жүлдегер атанған.

❗Жаңа Зеландия 1952 жылдан бергі қысқы Олимпиадада 2 жүлде (2-уі Синнотқа тиесілі) ұтып алған.

📍🇺🇸 АҚШ, Хлоя Ким (21 жаста)

2018 жылы өткен Олимпиадада 17 жастағы Хлоя Ким фристайлдан хафпайп бағдарламасы бойынша чемпион атанған ең жас спортшы атағын иеленген еді. Осы жолы да қарсылас шақ келтірмей, 2 дүркін Олимпиада чемпионы атанды.

📍🇷🇺 Ресей, Камила Валиева (15 жаста)

Әзірге Ресейден Олимпиада чемпионы (командалық бәсеке) атанған ең жас спортшы. Егер допинг мәселесі оң шешілсе, жеке сында да қарсылас шыдатпай, 2 дүркін Олимпиада чемпионы атанбақ.

📍🇨🇳 Қытай, Гу Эйлин (18 жаста)

Фристайлдан биг-эйр жаттығуы бойынша ең жас Олимпиада чемпионы атанды.

📍🇯🇵 Жапония, Юма Кагияма (18 жаста)

Мәнерлеп сырғанаудан командалық сында қола, ал жеке сайыста күміс жүлдеге ие болды.

📍🇨🇳 Қытай, Су Имин (17 жаста)

Фристайлдан слоупстайл бағдарламасы бойынша күміс жүлдегер атанып, осы спорт түрі бойынша Қытай тарихында жүлде алған 2-ші спортшы болды.

📍🇨🇦 Канада, Миха Фонтейн (18 жаста)

Фристайлдан аралас акробатикалық командалық сайысында қола жүлдеге ие болды. Кезінде әкесі Николас Фонтейн 1997 жылы әлем чемпионы атанған. Бірақ 1994, 1998, 2002 жылы өткен Олимпиадада жүлдеге іліне алмаған. Енді оның баласы алғашқы Олимпиадасында-ақ жүлдеге қол созды.

📍🇷🇺 Ресей, Анастасия Смирнова (19 жаста)

Фристайлдан могул жаттығуы (Юлия Галышевамен бірге сайысқа түсті) бойынша қола жүлдегер атанды. Былтыр Алматыда өткен әлем чемпионатында (дуал могул) топ жарған.