Отандық колледждерді бітірген әрбір он түлектің ішінде алтауы жұмысқа тұрса, біреуі жоғары білім алғысы келеді. Бұл туралы Forbes.kz жазды.

2021–2022 оқу жылы бойынша қазақстандық колледждерге қатысты зерттеу қорытындысын жария еткен Ranking.kz осындай тұжырым жасап отыр.

2021–2022 оқу жылының басында Қазақстанда 724 колледж жұмыс істесе, оның 719-ы түскі бөлім, 14-і кешкі бөлім форматында білім беріп, 287-і сырттай оқытуға негізделген. Сол сияқты, республика бойынша Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының (арнайы орта білім беретін) 38 бөлімшесі жұмыс істеуде.

Отандық колледж студенттерінің саны бір жылда 493,3 мың адамға дейін ұлғайған (3,5%-ға). Аймақтық тұрғыда алғанда, студенттердің басым бөлігі Алматы колледждерінде оқиды. Колледж студенттерінің саны бойынша «алғашқы үштікке» Алматымен қатар, Шымкент қаласы және Қарағанды облысы кіреді. Колледж оқушылыраның ең аз саны Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген.

Биылғы оқу жылында отандық колледждерге 176,7 мың студент қабылданған.

Қазақстан Республикасы колледждеріндегі ерекше санаттағы студенттер қатарында ауылдық жерлерден 106,1 мың бала, жетім немесе ата-анасының қамқорынсыз қалған 6,1 мың бала білім алады. Сол сияқты, бала кезінен мүгедек деп танылған 2,8 мың оқушы, 18 жастан асқан І және ІІ топтағы мүгедектер қатарындағы 1,2 мың оқушы колледж студенті атанған. Ерекше санатта, сонымен қатар, ҚР азаматы болып табылмайтын қазақ ұлтынан 806 студент және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғыс ардагерлерімен, соғыс мүгедектерімен теңестірілген 26 студент бар.