Талдықорғанда кітап алмасудың жаңа түрі пайда болды.
Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен қаланың халық ең көп жүреді деген үш нүктесінде кітап сөрелері қойылды. Бұл жерде оқырман өзіне ұнаған кітабын тегін алып оқи алады. Бірақ бір ғана талап бар. Алған кітаптың орнына бір кітап қойып кету керек. Жалпы мұндай кітап алмасу әдісін буккроссинг деп атайды. Қала тұрғындары мен қонақтары кітаптарды «Жастар» саябағында, Қаратал жағалауында және «арбаттан» ала алады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаевтың айтуынша «Жетісу — кітапқұмарлар өлкесі» деп аталатын шара Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылып отыр.
«Кітап адамның ішкі жан дүниесін байытып, рухани қуаттандырып, ой-өрісін кеңейтетін құрал. Бұл талдықорғандықтарға таптырмас мүмкіндік», — дейді Айдар Башбаев.
Ал ашық аспан астындағы кітап сөрелері жаңартылып тұратын болады.