Алматы облысында «FREELANCEB» жобасы іске асуда

1826

ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Бүгінгі күні ақпараттық технологияларды меңгеру – басты заман талабы. Бұлай дейтін себебіміз – ХХІ ғасырдың «ақпараттық технология ғасыры» деп аталуында. Ақпараттық технология ғасыры өз алдына «ақпараттық қоғамды» қалыптастырды.Қазіргі кезде біздің қоғам дамудың жаңа кезеңіне көшіп келеді, бұл кезең ақпараттық кезең, яғни компьютерлік техника мен оған байланысты барлық ақпараттық-коммуникативтік технологиялар оның табиғи ортасына айналып отыр. Ақпараттық-коммуникативтік техноло­гиялардың келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына, іскер әрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын бірден-бір мүм­кіндік.

Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып бара жатқан мына заманында IT саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну бізге жай арман боп қалары анық. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы осы сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.

Осыған байланысты, президенттің халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданған болатын. Тұтастай алғанда, бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде.

Бүгінде бағдарлама аясында Алматы облысында цифравизация саласында біршама жұмыстар атқарылып, жаңа бастауларға аяқ басқан.

Атап айтқанда, «Digital Media Zhetysu 2019» форумы шеңберінде, облыстың ішкі саясат басқармасының қолдауымен «FREELANCEB» болашақтың мамандықтары атты жобасын іске асырды.

Жоба мақсаты қазақстандағы алдыңғы қатарлы IT мамандардың көмегімен, жастарға ғаламтор жүйесінің қыр-сырын үйретіп, «жасанды интеллектің» маңызын жеткізу болып табылады.

Осы шара аясында ағымдағы жылдың 9 қараша күні Талдықорған қаласында алғашқы кездесулердің бірі IOT жобасының менеджері Шакен Бисенкуловпен өтті. «Заттар интернеті» құрылымының соңғы жаңалықтары таныстырылған бұл жиынға болашағын IT саласымен байланыстыратын университет және колледж студенттері қатысты. Менеджердің айтуынша заттар интернеті ақпарат жинауға және алмасуға мүмкіндік беретін электроникамен, арнайы бағдарламамен, сенсорлармен және интернетке шығу мүмкіндігімен жабдықталған физикалық объектілердің желісі.

«Елімізде IT саласы кейінгі кезде жақсы белес алуда. Себебі, болашақ интернет желісімен тығыз байланысты. 2020 жылға қарай интернетке қосылған құрылғылар саны 26 миллиардтан аспақ
Осыған орай жастар соңғы технологияларды меңгеруге басты назар аударуы қажет»,- дейді ол.

Жалпы, «заттар интернеті» деген тіркесте «зат» деген ұғым интернетке және сол арқылы бір-біріне қосылатын кез-келген бұйымды білдіреді. Бұл кез-келген нәрсе болуы мүмкін: компьютер, планшет, смартфон, фитнеске арналған құрылғы, лампа, есік құлпы, ұшақтың қозғалтқышы және т.б. Яғни оларды бір-бірі арқылы немесе интернет арқылы басқаруға болады.

Бұл құрылғылардың әрқайсысының уникал сәйкестендіру коды және ІР-мекен-жайы болады. Бұл объектілер арнайы бауға, сымға немесе сымсыз байланысқа қосылады. Қандай байланыс түріне жалғасқанына қарамастан интернет заттарды басқа бөлмеден немесе әлемнің басқа түкпірінен басқара алатындай мүмкіндігіңіз бар.

Аталмыш, саланы облыста әрі қарай дамыту мақсатында «Сан Диего бағдарламалау әдістері» атты мектеп ашылмақ. Онда студенттер мен оқушыларға бағдарламалаудың жан-жақты әдістерін үйретеді.

«2018 жылдың 28 шілде де, біздің «Кcell» орталығында IOT департаменті ашылған болатын. Соңғы 4 айдың ішінде департаментте соңғы технологияны меңгеру мен заттар интернетін зерттеу бойынша нәтижелі жұмыстар жасалып келеді. Алынған тәжірибелерімізбен алдағы 3 ай мерзімде өткізілетін семинар барысында бөліспекпіз», -деді Ш.Бисенкулов.

Сондай – ақ, алдағы уақытта «FREELANCEB» жобасы аясында IT мамандарымен кездесулер жоспарланған.