Басты бет Жаңалықтар Жастардың стартап жобалары қарқынды дамуда

Жастардың стартап жобалары қарқынды дамуда

ІТ-технология, инновация, блокчейн, стартап, венчур – бұл бүгінгі күннің тренді. Себебі ақпараттық заманда жаңа технологиялар ел дамуының басты тетігіне айналып отыр. Шетелдік мамандардың айтуынша, 20 жылда екі мамандық қана қалмақ. Бірі программистер болса, екіншісі – менеджерлер дейді. Ал, ІТ-саласының мамандары Елордада қандай жаңалықтар ашуда? Стартапшылар не дейді? Бұл туралы тарқатып айтсақ…

Astana hub халықаралық IT стартаптар технопаркі ЭКСПО аумағында орналасқан. Бір жыл бұрын жұмысын бастаған технопарк бүгінде 200-ден астам стартаптың ордасына айналған. Төрт қабатты ғимаратта еліміздің алғыр, ерек ойлы жастары жиналып, кәсіпкерлікке алғашқы қадамдарын жасауда. Astana hub IT стартаптар технопаркін кәсіпкерлік мектебі десек те болады. Өйткені орталық жас кәсіпкерлерді 12 ай көлемінде шарт бойынша, ақысыз жұмыс алаңымен, шеберхана, жетекшілер мен біліктілікті арттыру курстарымен қамтамасыз етеді. Бұл жерде тек жұмыс істеп қоймай, замандастарымен, әріптестерімен пікір алмасып, жоба туралы ойларын білуге мүмкіндіктері де бар.

Мәселен, Astana hubта ілім алғандардың бірі – Әшім Баяшев. Жобасының  басты мақсаты қарапайым халықты заңды тұрғыдан сауаттандыру. Яғни, зияткерлік қызмет азаматтық және қылмыстық істер бойынша аналитикалық сараптама жасайды. Бұл стартаппен жұмыс жасап жатқандарына  бір жарым жылдай уақыт болған. Астана Хаб-тағы жүйелі жұмыстың арқасында алғашқы тұтынушыларға тікелей байланыс орнатқан. Компанияда 6 жұмыскер бар. Оның 4 әзірлеуші, ал қалған екеуі негізін қалаушы болып жұмыс істейді. Әшім Баяшевтың айтуынша бұл жоба халыққа өте  тиімді болмақ. Қызмет жүйесі аналитикалық сараптама жасай отырып, азаматтарға заңдық тұрғыдан көмектесетін болады.

 

Әшім Баяшев – «Defense» стартап жобасының авторы

 

«…Менің ойымша,біздің жасап жастқан жұмысымыз барлық мемлекеттегі азаматтар үшін аса маңызды. Көп ретте қоғамдағы  мәселелердің шешімдері табылмай жатады.  Сондықтан, біз дәл осы заң жүйесі бойынша қызмет жасап жатырмыз. Басты жоспарымыз — ол қызметімізді толық қамтамасыз ету. Қазір жүйедегі қызметтің тек жартысы дайын. Қазір біз азаматтық істерді қарастырып жатырмыз. Кейінгі ойымыз ол жоғары соттарда біздің жобаны қолданғанын қалаймыз. Біздің жобаны барлығы білетін болады. Шет мемлекеттердің нарығына да шықпақ ойымыз бар…»

Елордада жас start-up саны артып келеді. Солардың қатарын толықтырып жүрген жандардың бірі Медет Әжімбаев. Ол «Bnect» стартап жобасының авторы. Бинек — шығын материалдары үшін мобильді сауда алаңы. Яғни, құрылыс компаниялары немесе логистикалық компаниялардың шығынға батуы қаупін алдын алмақ.

Медет Әжімбаев – «Bnect» стартап жобасының авторы

 

«…Бұл бағдарламаның арқасында біз өзімізге қажетті модельді таңдап алдық. Қазіргі кезде біз косымшамызды түрлі тестілеуден өткізіп жатырмыз.Біздің командамыз 7 адамнан тұрады. Әр маманның командада өз орны бар. Бізді барлығымызды бірдей құндылықтар мен принциптер біріктіреді. Бұл біздің жұмыс кезіміздегі мәселелерге тосқауыл бола алады…»

 

Айта кетейік, Astana Hub миссиясы — ел экономикасын нығайту үшін стартап-мәдениетті дамыту және жоғары технологиялық жобаларды қолдау. Алдағы уақытта технопарк технологиялық бизнесті дамыту үшін халықаралық деңгейде мойындалған хаб болуы қажет. Жалпы Astana Hub 2022 жылға қарай стартап-резиденттерді инвестициялау көрсеткішін 67 млрд теңгеге жеткізуді мақсат етіп отыр.

 

Даниэль Душманов – «Astana Hub» орталығының PR және маркетинг департамент директорының орынбасары

«Теxнопарктің осы уақытқа дейінгі ғұмыры кезінде біз 4 бағдарламаны іске қостық. Даму бағдарламасына қатысқан компаниялар 40 миллион теңге инвестиция тартты. Ал жалпы кірісі 220 миллионнан астам теңгені құрайды. Біз бұны мақтан етеміз.  Белсенді фазада біз тек мемлекеттің қабырғасында ғана емес, xалықаралық деңгейде өскісі келетін,тез дамып отырғысы келетін компанияларды іздейміз. Біз халықаралық сферада  белсенді қызмет көрсетеміз.  Биыл біз халықаралық ровт шоудың екінші толқынын аяқтадық.  Яғни, біз компанияның  жақсы қазақстандық стартаптарды іріктеп, әйгілі халықаралық алаңдарда және түрлі көрмелер мен конференцияларда ұсынамыз.  Сонымен қатар, Қазақстанда стартаптарды дамытуға қызығушылық танытатындардың жақсы мүмкіндігі бар. Біздің технопаркте қатысушылар үшін визалық режим және нологтік  артықшылықтар қарастырылған. Бұл ерекше бағдарлама. Оның үстіне, Қазақстан  жақын және алыс xалықаралық серіктестіктермен бәсекеге түсе алады…»

 

Astana Hub технопаркіндегі жұмыс көлемінің артуы бағдарламалардың инвестициялық тартымдылығы мен жоғары қызығушылыққа ие екенін дәлелдейді. Бүгінгі күні технопарк 100%-ға толық, 260-тан астам жоба, яғни 1000-нан астам адам инкубация және акселерация бағдарламаларынан өткен. IT саласындағы стартаптар нарық талабына аз уақытта бейімделіп, кез келген мәселенің шешімін тез таба алады. Бұл – үлкен корпорациялардың бүгінге дейін шеше алмай жүрген басты мәселесі. Бірақ стартаптардың да осал жері бар. Ол – бастапқы инвестицияның аз болуы немесе мүлде болмауы. Сол үшін де үкімет тарапынан жас стартапшыларды қолдайтын әрі біріктіретін технопарктер мен инновациялық орталықтар ашылуда. Сонымен, Astana hub еліміздегі инновация мен IT саласын дамытуға бағытталған кәсіпкерлер мектебі дей аламыз. Технопарк – коммерциялық жоба емес, мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы модератор, үйлестіруші. Astana hub басшылығының айтуынша, алдағы 5 жылға нақты жоспары құрылған стартаптар мекені еліміздегі әр саланың IT жүйесін дамытатын, халық өмірін жақсартуға бағытталған жобалардың ордасына айналмақ.

 

Exit mobile version