Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының бітімгерлері Қазақстан аумағынан 10 күн ішінде кетеді. Яғни, бітімгерлік контингент 23 қаңтарға дейін елден толық шығарылады. Әскерилерді шығару дәл бүгін басталады.
Бұл туралы 24kz арнасына берген сұхбатында ұйымның бас хатшысы Станислав Зась мәлімдеген болатын.
Елімізге бас-аяғы екі мыңдай бітімгер келген. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының күштері Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына шоғырландырылған. Бүгін Станислав Зась Алматыға барып, Ұжымдық бітімгерлік күштерінің командирі, генерал-полковник Андрей Сердюковпен кездесіп, пәрмен беру бекеті мен бітімгерлер орналасқан жерлерге барады.
«Біз бітімгерлік операцияларды аяқтап жатырмыз. Кешелі бері бітімгерлер күзетіп тұрған нысандарды жергілікті күштік құрылымдарға қайтарып жатырмыз», — деді мәлімдемесінде Станислав Зась.
Яғни бүгін салтанатты шара өтіп, бітімгерлік контингент жауынгерлері кезең-кезеңмен шығарыла бастайды.