Қазақстанда әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен өсіру жалғасуда. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педагогтер мен әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қызметкерлердің жалақысы 25% — ға, медицина қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 20-30% — ға өсті.
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырманы орындау үшін 2020 жылдан бастап шамамен 600 мың педагогтің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру, ал 2021 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істейтін 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды. 2023 жылға қарай олардың жалақысы 2 есе өседі.
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педагогтердің жалақысы 25%-ға, медицина қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 20-30% — ға өсті.
Сондай-ақ, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 21 мың қызметкердің лауазымдық жалақысы 25% — ға арттырылды. Жалақының өсуі өз қызметін стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (бұдан әрі – МӘМ), үйде қызмет көрсету ұйымдарында және жұмыспен қамту орталықтарында жүзеге асыратын басшы құрам мен негізгі персоналға (әлеуметтік қызметкерлер, педагогтар, медицина қызметкерлері және т.б.) қатысты болды.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 50%-ға өсті. Сондай-ақ, 2021 жылы әкімшілік және қосалқы персоналдың, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі МӘМ-де, үйде қызмет көрсету ұйымдарында жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысы қолданыстағы қосымша ақының мөлшерін лауазымдық жалақыдан 30% — дан 40% — ға өзгерту арқылы арттырылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды. Нәтижесінде, 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есе артады.