Шымкенттегі «Білім-Инновация лицейінің» 11-сынып оқушысы Мирас Сейлхан әлемнің 34 университетінен шақырту алды, деп хабарлады Elorda.info.

Мирас Сейлхан – өзі оқитын мектептің президенті, Z ұрпағына арналған BIL PRESS редакциясының негізін қалаушы, оған қоса BIL VOLUNTEERS еріктілер клубын ашқан.

Ол шетел оқу орындарына түсуге дайындықты 9-сынып соңында бастаған. Бұл үшін IELTS, Duolingo сияқты тесттерді тапсырып, жоғары көрсеткішке ие болды. Мысалы, Duolingo-дан 135, IELTS-тан 8.0 жинады. Сондай-ақ, 650 сөзден тұратын мотивациялық эссе жазған.

Сол уақыттан бастап осы 11-сынып соңына дейін тек университетке түсу үшін уақыт жұмсадым, – дейді ол.

Осылайша Мирас шақыру алған оқу орындарының 12-сі АҚШ-та, бесеуі Ұлыбританияда, бесеуі Канадада, біреуі Испанияда, төртеуі Аустралияда және тағы басқалары.

Әзірше ол Colgate University, London School of Economics немесе Ithaca College оқу орындарын таңдап отыр. Оның болашақ мамандығы – қаржы және экономика саласымен байланысты.

Мирас Сейлхан университеттерден шақырту алуына кімдер үлес қосқанын айтты.

Әр қадамымды бақылап отырған мұғалімдерім, мектепті бітіріп кеткен ағалар көмек берді, – дейді оқушы.

Мирас Сейлханның арманы – Қазақстанды жаңа деңгейге көтеру.

Арманым өтірік болып көрінуі мүмкін. Пікірлерде көбі мені шетелде қалып қояды деп жазып жатыр, алайда бұл мен ойлаған нарсе емес, – деді ол.