Есік қорғанынан табылған Алтын адамның көшірмесі, Жамбыл Жабаевтың домбырасы мен тұрмыста қолданған бұйымдары, Балпық бидің ұрыста киген дулығасы Астана төріндегі Қазақстан Қарулы күштерінің əскери-тарихи музейінде келушілер назарына ұсынылуда. Алматы облысының Мəдениет күндері аясында өңір мұражайларынан мұнда барлығы 231 экспонат пен Көркемсурет галереясынан 30-ға жуық картина əкелінген.
М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Күлəш Исабекованың айтуынша, көрмеге Талдықорғандағы өлкетану музейінің, Кербұлақ ауданындағы Шоқан Уəлихановтың «Алтынемел» мемориалдық музейінің, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Есік» мемлекеттік тарихи мəдени қорық музейінің экспонаттары қойылған. Ал Талдықорғандағы Көркемсурет галереясы мен Жаркент қаласындағы Əбілхан Қастеевтің көркемсурет галереясынан əкелінген акварельмен, майлы бояумен қағазға, кенепке, ағашқа салынған суреттер астаналықтар мен қала қонақтарының қызығушылығын туғызуда.
Келушілерге экскурсоводтар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жəдігерлер мен олардың тарихы туралы кеңінен əңгімелейді. Мəселен, Балпық бидің XVIII ғасырда қалмақтармен соғыс кезінде киген дулығасын ұрпақтан ұрпаққа көздің қарашығындай сақтап келген Жоламан ауылында тұратын тікелей ұрпағы 1980 жылдары мұражайға əкеліп тапсырған. Ал жыр алыбы Жамбылдың мулине жібімен тоқыған портретін 1930 жылдары Өзбекстанның он алты жасар суретшісі ақынға сыйға тартқан.
Айта кетсек, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай өтіп жатқан Алматы облысының Мəдениет күндерінің аясында ұйымдастырылған тарихы сырға тұнған жəдігерлер мен көрнекті картиналар көрмесі алдағы тамыз айының 7-сіне дейін жалғасатын болады.