Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің шет мемлекеттердің Қазақстандағы елшілерімен кездесуі барысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Қазақстандағы қаңтардағы қайғылы оқиға аясындағы экономикалық жағдай мен еліміздегі соңғы экономикалық бастамалар туралы баяндады.
«Өткен жылы экономикалық өсу серпінді траекторияға шықты. Бастапқы 3,1% болжамнан асып түскен нақты ІЖӨ 4%», — деді Т.Жақсылықов.
Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі Президенттің бастамаларын іске асыру жөніндегі Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Құжатта Үкіметтің инклюзивтік экономикалық өсуді ынталандыру, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту жұмысы нақтыланған.
Сонымен қатар, бірінші вице-министрдің айтуынша, ҚР ҰЭМ Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуде. Осы ретте кедейшілік пен жұмыссыздық бойынша нақты жағдайды талдау негізінде жүйелі шаралар жоспарланған.
Бұдан басқа, Президент тапсырмасына сәйкес, Министрлік квазимемлекеттік сала субъектілерін түбегейлі реформалау ұсыныстарын әзірлеуде.
Жақсылықов атап өткендей, Ұлттық экономика министрлігі еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандырудың жедел іс-шаралар жоспарын қабылдаған. Ол азаматтар мен кәсіпкерлердің қауіпсіздігін, оларды жан-жақты қолдауды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық жағдайды тезірек орнықтыруды көздейтін бірқатар шұғыл және қысқамерзімдік шаралардан тұрады. «Бұл жоспар мемлекеттік органдардың таяу айлардағы тиісті тапсырмаларды орындауын үйлестірмек. Оны іске асыру арқылы елдегі экономикалық жағдайды жедел қалыпқа келтіріп, қалыпты жағдайға ораламыз», — деді бірінші вице-министр.
«Қаңтардағы қайғылы оқиғалар жылдық экономикалық өсуге айтарлықтай әсер етпейді. Өйткені экономикалық белсенділік уақытша және тек жекелеген өңірде ғана бұзылды. Зардап шеккендерге, оның ішінде ШОБ, ЖК және халыққа қажетті көмек көрсетіліп жатыр», — деді Тимур Жақсылықов.