Соңғы бірнеше күнде әлеуметтік желілерде кейбір азық-түлік тауарларының, соның ішінде қанттың тапшылығы туралы түрлі ақпарат тарады. Дүрбелең сұраныстың артуына және базарда алыпсатарлық фактісінің туындауына алып келді. СИМ мен АШМ ажиотажға ерік бермеуге шақырады.
Азық-түлік өнімдерін өндіру тоқтатылмайды, қорлар жүйелі негізде толықтырылады. АШМ дерегі бойынша жарма, ұн, консервілер және басқа да тауарлар өндірісі үшін жеткілікті шикізат, сондай-ақ ет және сүт өнімдерін өндіру үшін жеткілікті мал басы бар.
Жедел деректер бойынша республика бойынша барлығы 1,5 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры бар. Оның ішінде ұн – 145,1 мың тонна, қант – 47,6 мың тонна, күріш – 40,2 мың тонна, макарон – 21,3 мың тонна және 1 млн тонна көкөніс өнімдері және т.б.
Бүгінгі күні елде қант тапшылығы жоқ екенін хабарлаймыз. Қант өндірісі жалғасып жатыр, тоқтамайды! Қор толтырылып отырады.
Сондай-ақ қазіргі уақытта Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында бәсекелестікке қарсы келісілген әрекетпен ӘМАТ бағасын көтеру фактісі бойынша және Маңғыстау, Алматы облыстарында тыңайтқыш өндіруге қатысты анықтау жұмысы жалғасып жатыр.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлауынша, Ақмола облысында нан өндірушіге және Жамбыл облысында қант зауытына қатысты 2 тергеу аяқталды. Бұған дейін жасалған 8 хабарламаға сәйкес өнім бағасы (Қостанай облысында – 5 және СҚО – 3) төмендетілді. Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жол бермеу жөніндегі монополияға қарсы комплаенстің 7 актісі жасалды. ӘМАТ сауда үстемесі 15-тен 10%-ға дейін төмендетілді.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі