Ақтау қаласының әкімдігі бұл бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетіп, көптеген жастарға жол ашқанын айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.

Бағдарламаның жемісін көріп отырғандардың бірі — Ақжүніс Досатова. Ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін 2017 жылы «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2018 жылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығында бастаған. Бағдарламаның белгіленген 6 ай мерзімі аяқталған соң, жас маман жұмыспен қамту орталығына маман болып жұмысқа орналасқан.

Қазіргі таңда бөлім басшысы қызметіне дейін жоғарылап, жемісті еңбек етуде. Ақжүніс Досатова барлық жастарды бағдарламаға қатысып, өз жолын табуға шақырады.

— Ақтау қаласының жастары, сіздерді биік белестерге бастар алғашқы қадам — жастар практикасы, бағдарламаға қатысуға шақырамын, — дейді жас маман.

Белгілі бір мамандықты игеріп, диплом алған жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі әрдайым басты назарда. Осы орайда жастарға көп мүмкіндік қарастырылған.

Солардың бірі — «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламасы. Бүгінде бағдарлама өз тиімділігін көрсетіп, талай жасқа жол ашты. Сонымен қатар, жұмысын осы бағдарламамен бастап жоғары лауазымға ие болып отырғандардың бірі — Рауан Мұқаев.

Ол — Маңғыстау облысы бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы.

Алғашқы қызметін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы 2008 жылы қалалық әділет басқармасында бастаған.