Басты бет Жаңалықтар Жастарға жігер беретін жоба

Жастарға жігер беретін жоба

 

Жастарды білім мен кәсіпке құштар етудің ел экономикасы үшін пайдасы орасан. Өйткені бүгін осы мақсатта салынған күш пен капитал күні ертең еселеп өзін-өзі ақтайды. Әйтсе де, жағдай жасалғанына қарамастан, еш нәрсеге құлықсыз жастардың тобы азаймай отыр. Ондай санаттағыларды NEET жастар дейміз. Мұндай жастардың санын азайту мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2018 жылдан бастап арнайы жол картасын әзірлеген болатын. Мемлекет жастарды мынадай жеті категорияға бөлді: мемлекет асырауындағылар, кішкентайы бар немесе жалғызбасты жас аналар, фрилансерлер, ауыл жастары, аз қамтылған отбасынан шыққандар және жастардың бейәлеуметтік тобына кіретіндер. Сонымен бірге Жастар жылы шеңберінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жаңа жобасында да NEET жастарға айрықша көңіл бөлініп отыр. Осы шаралардың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда масыл жастар саны 1,3 пайызға азайған. Сондай-ақ, үш жылда бір миллион жасты қамтитын Zhastar El Tiregi ұлттық жобасы да биыл қолға алынды. Оның ішінде «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» сынды жобалар бар. Қарап отырсақ, қоғамдық өмірге тартудың амалдары жасалып-ақ жатыр. Бірақ нәтижесі неге көңіл қуантпайды? Қолға алынған жобалар әлсіз бе, әлде жастардың өзі кінәлі ме? Расымен білім алып, жұмыс істегесі келмейтін маргиналдар көп пе?

          Соңғы кездері жастардың жоғарыда атап өткен категориясы туралы жиі сөз қозғалып жүр. Олар қандай жастар? Not in Education, Employment or Training деген ағылшын сөздерінен қысқартылған жаңа терминнің мәні – ештеңеге құлықсыз жастар тобын сипаттайды. Яғни оқуға құлшынысы төмен, тұрақты істейтін жұмысы жоқ, 16-29 жас аралығындағы жастарды айтамыз. Олар мектеп, колледж, тіпті жоғары оқу орнын да тәмамдаған. Бірақ әлі де кетігін тауып, қаланбаған. Қазақстанда олардың саны – 149 мың.

Әдетте, жұмыссыз жүргендерді сөзге тартқанда, тәжірибенің жоқтығынан жұмысқа алмайтынын тілге тиек етеді. Өйткені кеше ғана оқу бітірген маманның бірден жақсы қызметке орналаса кетуі қиын. Ондай жағдайдың өзі некен-саяқ. Әйтсе де, Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігі 2017 жылдан бері «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бұл бағдарлама жастардың жұмыспен қамтылуын көздейді. Сол мақсатта бірқатар жаңа жобаларды қолға алған. Бірінші кезекте, ақысы төленетін еңбек тәжірибесінен өтуге мүмкіндік бар. Ол үшін «Жастар тәжірибесі» жобасы жайлы ақпарат айта кетейік. Оқу бітірген соң жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинайтын орын таба алады. Жобаның ұзақтығы – жарты жыл. Алты ай бойы тәжірибе жинаумен қатар, жастарға 63 мың теңге көлемінде еңбекақы төлеу қарастырылған. Мұндай мүмкіндікті пайдалану үшін өңірдегі жұмыспен қамту орталығына барсаңыз, жетіп жатыр. Бүгінде еліміз бойынша мұндай орталықтардың саны – 200-ге жуық. Тағы бір айта кететін тұсы сол, тәжірибеден өтуші жас маман жемісті қызмет атқарса, тұрақты жұмысқа алынуы да ықтимал. Қазіргі таңда бағдарламаға 21 мың жас қамтылған. Биыл екі мыңнан астам жас тұраты жұмысқа тұруға мүмкіндік алды.

Екі қолға бір күрек іздеген, қалайда табады. Деректерге көз жүгіртсек, электронды еңбек биржасында 51 мың бос жұмыс орны барын байқаймыз. Порталға 145 998 жұмыс беруші тіркелген. Осы жердегі вакансияларға көз қырын салып жүргендердің жұмыс табу мүмкіндігі жоғары. Сонымен бірге, порталға түйіндеме жүктеп қоюғада болады. Яғни жұмыс берушілер сол арқылы сізбен байланысуы мүмкін. Электронды еңбек биржасының көмегімен жыл басынан бері 281 мың адам жұмыспен қамтылған.

Қазақстанның солтүстік аймақтарында жұмыс күші жеткіліксіз. Яғни жастардың сол жаққа бағыт алуына әбден болады. Атап айтқанда, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында кадржетіспеушілігі байқалады. Мұнымен қоса, мемлекет тарапынан да көрсетілетін көмек барын еске сала кетейік. Өзге аймақтардан солтүстікке көшуге бел буғандарға субсидия беріледі. Бұл дегеніміз – отбасының әр мүшесіне 88 мың теңге көлемінде бір реттік берілетін жәрдемақы. Ал тұрғын-үй жалдау, коммуналдық төлемдер төлеу сынды шығындарға бір жыл бойы ай сайын 39-76 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Ең бастысы, бұл жаққа қоныс аударған соң міндетті түрде жұмыспен қамтылады. Жыл басталғалы бері солтүстік жаққа 1268 отбасы, яғни 4494 адам көшкен. Оның ішінде 2258-і еңбекке жарамды болып, 1472-сі жұмысқа алынған. 75 адам кәсіпкерлікпен айналысса, 24-і жаңа тұрғын орны бойынша оқуға бағытталған.

Жұмысқа тұруға кедергі болатын келесі мәселе – мектептен кейін еш жерде оқымаған жастардың бары. Расында орта мектепті тәмамдаған соң, әрмен қарай оқуын жалғамаған жастар да NEET категориясына кіреді. Олар үшін мемлекет тарапынан «Тегін кәсіптік және техникалық білім беру» жобасы қолға алынған. Қатысушыларға шәкіртақы беріледі. Сонымен бірге тамақ және жол жүрісі де қарастырылған. Бұл жобаға қатысушылардан ешқандай сертификат сұралмайды. Бастысы, оқуға деген құлшынысыңыз болса болғаны. Оқу аяқталған соң, әрі қарай жұмысқа орналасуға да көмектеседі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан жасалатын іс-шаралардың дені жастардың NEET категориясын азайтуға бағытталған. Осы мақсатта 2018 жылдан бері Жол картасы даярланып, жұмыс атқарылып жатыр. Мұндай жастардың мынадай жеті түрге бөлуге болады: мемлекет асырауындағылар, сәбилі жас аналар және жалғызбасты аналар, фрилансерлер, аулы жастары, аз қамтылған отбасының балалары, жастардың асоциал тобы. Жол картасы шеңберінде осы топпен белсенді жұмыс атқару көзделген. Сондай-ақ, Жастар жылында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жаңа жобасында да масыл әлі құлықсыз жастарды қоғамға тарту басты назарда болып отыр. Бір айта кетерлігі, Жол картасы қолға алынғалы бері біз қозғап отырған жастар категориясы өткен жылмен салыстырңанда 1,3 пайызға азайған. Демек, мемлекеттің алған бағыты дұрыс әрі жемісін беріп отыр.

Айша ЕРСҰЛТАН

Exit mobile version