Журналист боламын. Мамандық таңдауда нақты шешімімді осылай қойдым. Жақсылықты жалау етіп, арманға ұмтыламын. Адам баласы кемелденіп, өзін ұштау үшін алдына мақсат қойып, діттегеніне жете білуі қажет. Журналист болып, мемлекет пен халық арасында алтын көпір қалап, адамдарға күш-жігер беретін, дерттерін сөзбен емдеп, жүздеріне күлкі сыйласам, ол — мақсатыма бір қадам жеткенім.
Өзіңді журналистік мамандыққа арнап, таңдағаннан кейін, сол жолда аянбай қызмет ету парыз. Ол — принципті түрде, қайсарлықпен бұқаралық ақпарат құралдары алдындағы өзінің міндетін, борышын, бар күш-қайратын салып орындайтын маман. Ол қай істе болсын нәтижеге жетуге тырысуы керек.
Сонымен бірге, журналистика саласындағы бір прицип — журналистиканың демократиялығы. Демократия саяси құрылыстың формасы ретінде азаматтардың теңдігі мен бостандығын қамтамасыз ететін құрылым түрі. Халықтың демократиялық құқықтарын кеңейту үшін күш жұмсайды, халықтың еркіндігі, өз ісін атқаруы мен мемлекет ісіне араласуын қамтамасыз ету үшін: баспасөз, радио, телевидение сияқты бұқаралық ақпарат көздерін пайдаланады. Ғасырлыр бойы демократия мен журналистика тығыз байланысты болып келеді.
Менің алға қойған талпыныстарым, өзіме айқын міндеттерім бар. Мен жылағанның жасын құрғататын, жабыққанды құшағына қысатын, еңсесі түскенге жігер беретін, қайсар рух сыйлайтын, өмірмен күресуге үндейтін азаматша, мықты маман болуды қалаймын.
Адам бойындағы асыл қасиеттерді, менің де бойымнан жоғалмағанын қалаймын және де сол жолда күресемін. Үлкенді жасымыздан сыйлап, кішіні қолдап қорғасақ, құрметімізді аямасақ, адамдықтан ешқашан ада қалмаймыз. Жеткен жетістіктерім жоқ емес, алайда, аларым алда! Жеткен жетістіктерім мен жетер жетістіктеріме жақсы мінезбен, алған тәрбиемді ұштастырып бағындыруға талпынамын.
Әлемнің бақытты болуына тамшыдай болсын үлесімді қосамын!
Авторы: Сәулет ИБРАГИМҚЫЗЫ