Dauletten.kz ақпараттық-танымдық порталы үйді ипотекалық несиеге алудың тиімді жолдары мен міндетті түрде ескеру қажет пунктерді теріп жазды.

Тұрғын үй бағдарламасын таңдауда несие нысаны, отбасылық жағдайы мен балалардың болуы, жұмыс түрі сынды дүниелер шешуші рөл атқарады. Мәселен, мемлекет тарапынан азаматтың отбасылық жағдайы мен қызметіне байланысты бірқатар субсидиялық бағдарламалар қарастырылған.

Кез келген клиент бастапқы жарнаны төлер кезде біршама шығындарға ұшырап жатады. Осы себепті де оңтайлы бағдарламаларды таңдап, тиімді шарттарын қарастыра отырып, алғашқы қадамдарды пысықтап алған өте маңызды. Қолайлы нұсқаны таңдау үшін ең алдымен, ипотекалық несиелеудің ерекшеліктерін зерделеп алыңыз.

Ипотекалық несиені таңдағанда мыналарға баса назар аударыңыз:

Бірінші. Несиенің сомасын айқындап алыңыз. Оның көлемімен бірге банк алдындағы тәуекелдің де өсетінін естен шығармаған абзал. Несиенің қайтарылуына сенімді болу үшін банк сізден сатып алынған мүлік түріндегі кепілдікті талап етеді, ал кейде ортақ қарыз алушыларды немесе кепіл берушілерді сұрайды. Сондай-ақ, ипотекаға өтініш берген кезде сізге жылжымайтын мүлікті бағалау мен сақтандыруға қосымша шығындар қажет болатынын естен шығармаңыз.

Екінші. Алғашқы жарнаны жоспарлаңыз. Егер сіз пәтер сатып алу үшін қаражат жинап жүрсеңіз, онда бұл ақшаны бастапқы жарна ретінде қолдануға болады. Бастапқы төлем әдетте жылжымайтын мүлік құнының 10-20% мөлшерінде белгіленеді. Алғашқы жарна неғұрлым көп болса, банктен алынатын қарыз да соғұрлым аз болады, осыны естен шығармаған абзал. Бұл өз кезегінде артық төлемді азайтады.

Үшіншіден. Несиенің мерзімін белгілеңіз. Несиенің толық өтеу мерзімі төлемдер кестесі мен олардың айлық мөлшеріне тікелей әсер етеді. Қарызды қайтару мерзімі ұзақ болған сайын, ай сайынғы төлем азаяды, ал оның орнына артық төлем сомасы көбейеді. Сондықтан төлемдердің ұзақтығы мен мөлшері арасындағы оңтайлы уақытты таңдаңыз.

Төртіншіден. Арнайы ұсыныстар туралы біліңіз. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін жеңілдіктері бар әлеуметтік ипотеканы қолдануға болады. Ең танымал бағдарламалар қатарында жаңа салынған үйлерден ипотека, жас отбасыға арналған ипотека, әскери қызметкерлерге арналған ипотека, жас мамандарды тұрғын үймен қамтамсыз етуге бағытталған ипотека және т.б. бар.

Несие аларда мына параметрлерді ұмытпаңыз:

  • Несиелеу мерзімі;
  • Жалпы сомасы;
  • Үстемақы мөлшері;
  • Алғашқы жарна мөлшері;
  • Банктің қарыз алушыға қоятын талаптары;
  • Пайыздық мөлшерлемесі.

Ипотекалық бағдарламаны таңдағанда, комиссиялардың бар-жоғын анықтап алыңыз. Банктің ипотеканы өтеуге қандай әдістер (аннуитет немесе сараланған төлем әдісі) ұсынып жатқанын қараңыз. Көбіне қарыз алушылар бірінші әдісті – аннуитетті таңдайды. Бұл пайыздық мөлшерлеменің бүкіл сомасы несиенің барлық кезеңінде біркелкі бөлінетінін білдіреді. Сайып келгенде соманы түгелімен өтеуіңізге тура келеді.

Әрбір бағдарламаға тән белгілі бір талаптар бар, соларды мұқият зерделеп шығыңыз.