Елордада Наурыз мерекесіне орай 100-ден астам іс-шара өтеді. Қала тұрғындары концерттерге, мерекелік бағдарламаларға, көрмелерге, қойылымдарға, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға, серуенге және т.б. қатыса алады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Қаланың төрт ауданында Наурыз мейрамы атап өтілетін 20-дан астам орын анықталды.

22 наурызда сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін барлық ауданда, соның ішінде елорданың елді мекендерінде «Наурыз Думан 2022» мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Іс-шарада ведомстволық бағынысты ұйымдардың әртістері мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарламасы, түрлі костюм киген кейіпкерлер мен қуыршақтар шоуының бағдарламасы қарастырылған. Сондай-ақ, жиналған жұрт ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға қатыса алады, оның ішінде – арқан тарту, асық ату, тоғыз құмалақ және т.б. Бұл күні мерекенің басты белгісі – Наурыз көже ұлттық тағамы да жұртшылыққа таратылады.

Алматы ауданында мерекелік іс-шара «Қазақ Елі» монументі алаңында, «Студенттер» саябағында, Байқоңыр ауданында – «Ататүрік» саябағында, Жазушылар аллеясында, Есіл ауданында – ЭКСПО аумағында және Үркер елді мекенінде, Сарыарқа ауданында – «Көктал» саябағында және Demalys Promenade алаңында өтеді.

Сонымен қатар, 18-19 наурызда қалада әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жалғыз басты қарт адамдарға және халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа да санаттарына азық-түлік себеттерін тарату жоспарлануда.

Сонымен қатар, 19 наурыз күні сағат 11:00-де елорданың Достық Үйі алаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы қала тұрғындары үшін «Қош келдің, әз Наурыз!» іс-шарасын өткізеді. Қонақтарды концерттік бағдарлама, қолданбалы өнер бойынша мастер-кластар, жәрмеңке және ұлттық спорттық ойындар бойынша жарыстар күтеді.

Достық үйінде киіз үйлер мен алтыбақан орнатылып, наурыз көже дайындалады. Киіз үйлердің ішінде елордалық этномәдени бірлестіктердің ұлттық нақыштағы экспозициялары қойылады. Сондай-ақ, әрбір киіз үйде қолданбалы өнер бойынша шеберлік сыныптары көрсетіледі.

Сағат 12.00-де бес бағыт бойынша ұлттық спорттық жарыстар басталады: «Бұқа тартыс», «Асық ату», «Гір көтеру», «Қазақша күрес», «Қол күрес». Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар беріледі.

Концерттік бағдарламамен елорданың этномәдени орталықтарының кәсіби, көркем ұжымдары өнер көрсетеді.

18-31 наурыз аралығында қуыршақ театры «Наурыз-думан» қуыршақтар шоуына шақырады. Қойылымдардың басталу уақыты: 10:00, 12:00, 14:00 және 16:00.

Қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесі де мерекеден тыс қалған жоқ. Қалалық кітапханалар күн сайын Наурыз мейрамына орай іс-шаралар өткізеді.

17 наурызда №3 балалар кітапханасы «Жасай бер, Әз Наурыз» ақпарат сағатын, ал №4 балалар кітапханасы – «Көңіл көтереміз Наурыз мерекесін қарсы аламыз» мерекелік калейдоскопын, сондай-ақ «Наурыз – бірлік, бейбітшілік және жаңару мерекесі!» іс-шараларын өткізеді. Дәл осы күні №5 бұқаралық кітапханада «Сәлем, Наурыз!», Орталық қалалық кітапханада – «Жарқыра, жайна Наурызым!», №9 бұқаралық кітапханада – «Ұлыстың ұлы күні Наурыз» кеші ұйымдастырылады. 18 наурызда № 2 балалар кітапханасында «Ата-баба дәстүрлі-әдептілік негіз» атты мерекелік кездесу, №4 бұқаралық кітапханада «Наурыз думан» ұлттық тарих сағаты, №7 бұқаралық кітапханада «Армысың әз наурыз! Ақ мол болсын!», № 8 балалар кітапханасына «Наурыз келеді!» іс-шарасы өткізіледі.

19 наурызда № 3 бұқаралық кітапханада «Ұлыстың ұлы күні Наурыз» әңгіме-ойынын, №2 бұқаралық кітапханада «Нұр себеле – Ұлыстың ұлы күні» мерекелік кешін, №10 бұқаралық кітапханада «Қазақша стилдегі дефиле» тарих сағатын, №15 бұқаралық кітапханада «Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз!» кітап көрмесін ұйымдастыру жоспарлануда.

Сәкен Сейфуллин мұражайы Осы аптада әлеуметтік желілерде Наурыз мейрамы мен Қазақ ұлттық дәстүрлеріне арналған онлайн-іс-шаралар өткізеді.

Сонымен қатар, 25 наурызда елорданың Мемлекеттік Академиялық филармониясында «Наурыз сыйы» Ұлттық сыйлығы өтеді. Жоба тек мәдениетті ғана емес, сонымен бірге ұлттық байлықтың алуан түрлілігін білдіретін халық шеберлеріне арналған.

Сонымен қатар, 18-22 наурыз аралығында Арнасай көшесі, 109 бойындағы сауда павильонының аумағында Наурыз мерекесіне орай үлкен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады, онда бағалар базар бағасынан 15%-ға төмен болады.