
АҚШ-та логистика саласы – триллион долларға жуық айналымы бар, экономиканың негізгі бағыттарының бірі. Бұл салада табысқа жету үшін тек тәжірибе емес, төзім, жүйе және жоғары жауапкершілік қажет. Сәбит Амербаев – Питсбургте бір жүк көлігінен бастап компания ашқан кәсіпкер. Оның компаниясы ауыр және габаритті жүк тасымалдау сегментінде өз орнын қалыптастырып келеді.
Жамбыл облысы, Қордай ауданында дүниеге келген Сәбит Амербаев Халықаралық көліктік гуманитарлық университетінде жоғар білім алған. Алғашқы еңбек жолын Астанада таразы бекетінде инспектор көмекшісі ретінде бастаған. Бұл жұмыс оған әр нәрсеге мұқият қарауды әрі жауапты болуды үйреткен, себебі құжаттарды тексеріп қана қоймай, тексеріс нәтижелерін жазып отырған. Оған қоса жүргізушілермен және инспекторлармен тығыз жұмыс істеген.
“Жүрізуші болған кезде көп нәрсені үйрендім. Мысалы, әртүрлі жүк көліктерін айдап үйренген кезде жүктің салмағы мен көлемін ескеру, жол қозғалысының қауіпсіздігіне назар аудару қажет еді. Командада жұмыс істеуді, құрылыс бригадалармен және жоба жетекшілерімен байланыс орнатуды, уақытты жоспарлауды, әрдайым ереже сақтауды меңгердім. Маршруттың әр бөлігін, қауіпсіздік талаптарын, ірі жүк техникаларын басқару ерекшеліктерін жақсы білемін. Бүгінде білген-түйгенім компания жұмысын жақсы жолға қоюға, жүргізушілерді оқытуға және қызмет сапасын жоғары деңгейде ұстап тұруға көмектеседі”, – дейді ол.
2016 жылы қыркүйекте АҚШ-қа қоныс аударған ол алдында қандай мүмкіндіктер күтіп тұрғанын біле қоймаса да, тәуекелге бел буып, өзге елде өз жолын таба алатынына сенген. Қазақстанда алған білімі мен жинаған тәжрибесіне сүйеніп, алпауыт елде логистика саласында өз-өзін байқап көруге бел буған.

АҚШ – логистика бойынша әлемдегі ең дамыған нарықтардың бірі, жылдық айналымы триллион АҚШ долларға жуықтайды. Елдегі ішкі жүк тасымалының басым бөлігі жүк көлігімен жүзеге асады, сондықтан бұл салада сұраныс әрдайым жоғары. Сәбит осы нарықта жұмыс істеу үшін 2017 жылы арнайы оқу оқып, жүк көлігін жүргізуге рұқсат беретін лицензия алған. Содан соң жүк тасымалдау компаниясында жұмыс істеп, алты жыл бойы тәжірибе жинаған. Осы уақыт ішінде бұл саланы егжей-тегжейлі зерттеп, өз кәсібін бастауға дайын екенін түсінген.
“Бизнес үшін сенімді логистика өте қажет. Компаниялар тауарын жеткізу кезінде көп қиындыққа тап болады әрі ресурсы бәріне бірдей жете бермейді. Жүк уақытында ғана емес, ешқандай зақым келмейтіндей жеткізіулі керек. Сондықтан қызмет сапасына күмән келтірмейтін компания ашқым келді. Осылайша досыммен бірге US 50 Road LLC компаниясын аштық. Бәрін шын мәнінде нөлден бастадық”, – дейді Сәбит Амербаев.
Сәбит компания жұмысын бір ғана жүк көлігімен бастаған. Командасы болмағандықтан бастапқыда диспетчер де, жүргізуші де, менеджер де өзім болған. Жүкті өзі іздеп тауып, брокерлермен өзі келіссөз жасап, есеп-қисапты да өзім жүргізген.
“Бастапқыда жаңа ортаға бейімделу, кәсіпті алып кету қиын болды. Тіл мәселесі ғана емес несие тарихының болмауы, тәжірибенің аздығы клиенттермен келіссөздер жүргізген кезде кедергі жасады. АҚШ секілді алпауыт елде жұмыс тәжірибеңе, компания тарихына қарайды. Нарыққа енді ғана кірген кезде сенімге ие болу үшін аянбай еңбек еттім”, – дейді ол.
Уақыт өте келе жұмыс жүйеге қойылған соң жүргізушілер ала бастаған. Қазіргі таңда компаниясында оннан астам жүк көлігі бар.
Сәбит ауыр және габаритті жүк тасымалына бет бұрған, себебі Штаттарда RGN жүктерді тасымалдайтындар көп емес. Машақаты көп болғанына қарамастан кәдімгі жабық жүктерді ғана емес, ашық ірі жүктерді тасымалдауға басымдық берген. Мұндай жүктерді тасымалдау оңай емес, себебі жүк көлігіне арналған жолдармен және тәуліктің белгілі бір уақыттарында ғана жүруің керек. Талап көп болған соң кез келген адам жүк көлігін айдауға дайын емес. Бір ғана қателік үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан көп адам шыдай алмай бұл саладан кетіп қалады. Жауапкершілік жоғары болғандықтан бәсеке де айтарлықтай көп емес. Сондықтан Сәбит Амербаев ірі жүктерді тасымалдау саласында көшбасшы болу мақсатын қойған.

Кәсіпкер қызметкерлеріне жұмыс кезінде де, жұмыстан тыс уақытта да көңіл бөледі. Өзі де осы жолмен жүріп өткендіктен жүргізушілердің жұмысы қаншалық қиын екенін өте жақсы түсінеді.
“Ірі жүктерді тасымалдау физикалық және психологиялық тұрғыдан ауыр жұмыс екені рас. Сондықтан қызметкерлерге барынша жақсы жағдай жасауға тырысамын. Қызметкерлердің қауіпсіздігін әрдайым бірінші орынға қоямын. Тренингтер өткізіп тұрамыз. Онда компания табысын және қателіктерін талқылаймыз, бір-бірімізді қолдаймыз. Сонымен қатар икемді жұмыс кестесіне, тұрақты табысқа және қиын жағдайда қаржылай қолдауға мән беремін”, – дейді ол.
Одан бөлек, жұмыстан тыс уақытта демалу іс-шараларын ұйымдастырады, кеңседе жұмыс істейтін қызметкерлердің тамағын төлейді. Сондай-ақ, әр қызметкердің туған күнін назардан тыс қалдырмайды. Компания тірегіне айналған әр адамға алғысын айтады.
Сәбит әр қызметкер өз жұмысының маңызды екенін және дамуға мүмкіндік бар екенін түсінсе дейді. Көшбасшы болу деген жұмысты бөліп беріп, біреуді басқарып отыру деген сөз емес. Нағыз көшбасшы – командаға әрдайым қолдау білдіретін, қызметкерлердің әр бастамасына бей-жай қарамайтын, жұмыстан тыс уақытта да жақсы қарым-қатынас орнататын адам. Сәбит те аянбай еңбек етсең кәсіби маманға айналып, еңбегіңнің жемісін көруге болады дегенге үлгі болсам дейді.
Жүк тасымалы саласында қауіпсіздік сақтау – басты орында. Неге десеңіз, бұл көлік жүргіушісінің ғана емес, жолдағы әр адамның өміріне, олардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Содықтан Сәбит Амербаев жол бағыттарын мұқият жоспарлауға, техникалық талаптарды сақтауға, жүргізушілерді үнемі оқытуға басымдық береді.
Компания қызметкерлері жолға шықпас бұрын және сапардан оралғаннан кейін техниканы тексеріп шығады. Қызметкерлер жұмысқа кіріспес бұрын қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, стандарттарды сақтауын мұқият қадағалайды. Сәбиттің өзі де жүргізушінің қасына отырып, техниканы қалай жүргізу керек екенін көрсетеді.
Сәбит Амербаев әйелі және екі баласымен бірге АҚШ-та тұрады. Отбасын әрдайым бірінші орынға қояды, себебі олар жұмыс істеуге, кәсібін кеңейтуге шабыт береді. Кәсіпкер жұмыстан тыс уақытта қайырымдылық жобаларына белсене қатысады, себебі АҚШ экономикасын нығайтуға ғана емес, қоғамның дамуына да үлес қосуды миссия санайды.
“Адамдарға көмектесу әр адамның борышы деп ойлаймын. Әсіресе, қиын жағдайға тап болғандарға қол ұшын созу керек. Жұмыстан тыс уақытта жануарларға, мұқтаж адамдарға көмектесетін ұйымдардың жүктерін тегін тасымалдаймын. Командам да қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысады және бұл мені қуантады. Мұндай жобалар адамдарды біріктіреді, қоғамға пайдасын тигізеді. Өзім де бала тәрбиелеп отырмын, олар да менен үлгі алса, игі істерді көріп өссе деймін”, – дейді Сәбит Амерабев.
Мұхит асып АҚШ-та кәсібін дөңгелетіп отырған Сәбиттің алдына қойған мақсаты көп. Ол өзіне ұнайтын логистика саласында жаңа жұмыс орындарын құрып, Америка экономикасын дамытуға өз үлесін қосуды, жүргізушілердің қауіпсіздігін нығайтуды мақсат етеді. Досымен бірге ашқан US 50 ROAD LLC компаниясынан бөлек енді Kazak Express INC атты жеке компаниясын ашуды жоспарлап отыр.
Сәбит болашақта жүк тасымалдайтын жүргізушілер бір де бір күн жүксіз, жұмыссыз қалмауы үшін жағдай жасайтын мобильді қосымша не сайт ашуды көздейді.
“Бұл – менің жеке тәжірибемнен туған идея. Оған қоса компаниямдағы жүк көліктерінің санын жүзге жеткізгім келеді. Жұмыс орнын ашу, қауіпсіз және тұрақты логистика құру, саладағы кәсіби стандарттарды дамытуға баса назар аударамын. АҚШ-та дәл осы мақсаттарымды жүзеге асыруға барлық мүмкіндік бар”, – дейді ол.
Жүк тасымалы – жай ғана бизнес емес. Бұл – жауапкершілік, сенім және адамдардың өміріне әсер ететін сала. Сәбит шетелде кәсіп бастаймын деушілерге “оқыңыздар, үйреніңіздер, қауіпсіздік пен сапаны әрдайым бірінші орынға қойыңыздар” деп кеңес береді. Сонда ғана бизнес үлкейіп, адамдардың сенімінен шығуға болады. Кәсіпкер Сәбит Амербаевтің хикасы мұның айқын дәлелі болып отыр.
