Басты бет Сұхбат Марат Қаниев: «Зұлпықардай қиып түсу қалды енді»..

Марат Қаниев: «Зұлпықардай қиып түсу қалды енді»..

— Сұxбатымыздың әлқиссасында туған-жер, өскен ортаңыз туралы айта кетсеңіз…

— Мен Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында 1997 жылы қыркүйек айының 23 — жұлдызында дүниеге келгенмін. Маршал Әбдіхалықов атындағы орта мектепті тәмамдадым. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, филология факультетінің 3-курс студентімін.

— «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», -дейді, қай ақынды жыр әлеміндегі ұстазыңыз санайсыз? Оның өлеңдеріндегі қандай ерекшелік ұнайды?

 Біреуін ала, біреуін құла деуден аулақпын. Дегенмен, Мұхтар Шахановтың :
«Кім шындығын жоғалтып алса,
«Ақты-ақ, қараны-қара» деп айтудан қалса,
Яғни, сөзі басқа, ісі басқа болса…»-
деп басталатын өлеңі бар. Мен ар мен ұлт жолында қызмет қылған бар қаламгерді ұстаз тұтам.

— Қазіргі жас ақындардан кімді оқисыз?

— Алдымен «жас» мәселесіне тоқталып кетейік. Қазақта «Отызда орда бұзып, қырықта қамал алар» деген сөз бар. Және «Өсер елдің баласы он бесінде баспын дер, өшер елдің баласы отызында жаспын дер» дейді. Сонда жиырма бестің айналасындағы адам сіз айтып отырған санатқа кірген ғой. Әйтсе де, қазіргі оқырманның ойлау деңгейі мен қаламгердің танылу имиджін ескеріп, бұл заңдылықтан бас тартпақ керек. Бүгінгі әдебиетте отыз беске дейінгілерді «жас» қатарына қосып жүр. Ендеше, Тоқтарәлі Таңжарық, Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы бастаған көшті оқимын десем қателеспеген болармын.

— Қазіргі таңдағы көп талқылауға түсіп жатқан мәселе- Латын әліпбиіне көшу туралы. Сіздің осы мәселеге деген көзқарасыңыз қандай?

— Латын әліпбиіне көшу тұтас қазақ руханиятына серпіліс тудыруы керек. Әсіресе, кирилдің кесірінен туындаған тіл мәселесіндегі қателіктерді бір жолға салып алған дұрыс. Мәселен, қытай еліндегі қандастарымыз бен біздің елдің сөз таңбалауы кей жағдайда сәйкес келмей жатады. Бұл да ойландыратын жағдай. Ал, «өзіміз үйренген қалыпта жазамыз» немесе «һәріпті қысқарту тілімізді кедейлендіреді» деп жүргендер қатты қателеседі. Біз бұдан максималды түрде ұтпасақ, ұтылмақ емеспіз. Қазір, қазақтың төл дыбыстарын таңбалау да үлкен проблемалар тудырып отыр. Өгіз бен арбаның кебін кимес үшін, әр саланың үздіктерімен ақылдасып алған абзалырақ. Әйтпесе, жағалыларды жинап алып жиын жасай бергеннен жұмыс жемісін бере қоймайды. Бұл ұлттық мәселеде тек қазақ мүддесін жақтайтындар іс қылмаса, орысқұл, бейсаналы қауымнан пайда болмайтынын да ескере кеткен жөн.

— Алғашқы жыр жинағыңыз «Зұлпықар» деп аталады. Бұл сөздің мағынасын біреу білсе, біреу білмес. Толығырақ өзіңізден естейік.

— Кітап деп баға берудің өзі ауыр болар. Мен тұрмақ мүйізі қарағайдай қаламгерлер осынау атақты алмақ үшін жылдар бойы аянбай еңбек қып жүр. Бірақ, қазіргі кезде кітап шығару қалталының ермегіне айналғанын ескерсек — үлкен трагедия. Бұл қызғаныш емес, әрине. Асыл сөздің қорланғанын көргеннен кейін туған күйініш ғой.
Зұлпықар — аспаннан түскен әйгілі төрт қылыштың бірі. Кейінен бұл пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) қолына түсіп, ислам діні жолындағы талай тартыстың куәсіне айналды. Кеудемде тығылып жатқан белгісіз сезімім осы бір қасиетті қылыштай жарқылдап тұрсын деп ырымдап ем. Сон соң өлең боп туды.

Зұлпықар

Құлдырасам бағым тайып қиядан,
Көр ішіне қалай ғана сыя алам?!
Тағдырымның табытында жатамда,
Өмірімнен ерекше бір сый алам.

Жүрегімді кернеп өтсе «Ата-мұң»,
Ащы дәмін ақиқаттың татамын.
Құлағымды жер бетінде қоямда
Қабірімде санамалап жатамын.

Қаратаудың көші кетіп басынан,
Боз інгенді бара жатыр басып ән.
Қаралы жыр қасқайып тұр көгінде
Азалы әуен арылмаған қасынан.

Аңыраған бота-құлын қармаулы,
Ғұмырына орағандай торлы ауды.
Торғауытты тағынатын ерлер аз
Бес қаруы белдігінде сайлаулы.

Қырандарды қағып түскен қиядан,
Қалай көкті қарғаларға қия алам?!
Қара ниет қонған шақта төбеңе
Балапаның ұша алмайды ұядан!

Бөрі мінез сынға түссе егесті,
Арлан болған көкмойнақтар емес-ті.
Көкжалмыз деп айтамыз-ау бұл күнде
Шибөрілер бастап тұрған кеңесті.

Алты алаштың орнар болса аты нық,
Ұрпақ шығар орынынан атылып.
Келешегін кемел елдің «бұзбауда»
Шараналар шүберектей сатылып.

Жанарыңнан жаутаңдаған кетер мұң,
Жалтақтаған жарыбайлы өтер күн.
Жаңбыр жауса тығыларсың астына
Қолшатыры пана болып бөтеннің!

Біздің құста өзгесімен тең ұшты,
Қолдан оңай жібермейік жеңісті.
Жарамызды бізде жазар едік-ау
Тірлігіміз түзу болса келісті.

Еркіндікпен жүрміз солай тыныстап,
«Тағдыр» дейміз жолыққанда таныс бақ.
Күншілдіктің дәуірінен өтейік
Көзсіздердің арасынан алыстап.

Сергелдеңге қилы кезең салды елді,
Бақыт өлді, қуаныш та, қайғы өлді.
Түлкі, тазы қатар жүрген заманда
Зұлпықардай қиып түсу қалды енді.

— Сұxбатыңызға раxмет! Зұлпықардай қиып түсер жырларыңыз көп болғай. Қаламыңыз мұқалмасын!

Сұхбаттасқан: Шынар Жұмасат

Exit mobile version