Kalifarniya деген атпен танымал әнші, «Roza», «Qar» хиттерінің авторы Қалиев Фархат дәстүрлі әннен эстрадаға қалай келді? Әнші Есен Елеукенге берген сұхбатында осы сұраққа жауап берді.

Әнші мектеп бітірген соң музыкаға өкпелеп, тіпті аспаздыққа оқуға түсіп кеткен.

«Мен бала кезден музыкалық мектепте оқыдым, сосын Ақтөбеде музыкалық колледжге түскім келді. Бірақ грантқа түсу үшін менен қомақты қаражат талап етті. Біз ол кезде ондай сумманы тауып бере алмайтынбыз. Сосын мен музыкаға өкпелеп қалдым. Содан кейін аспаздыққа түстім. Оған не себеп? Музыкадан көңіл қалғасын, қолымнан не келмейді, сол жайлы ойландым», дейді ол.

Әнші ата-анасы кредит алып, оқуға түсіреміз десе де ерегесіп түспей қалған.

«Бірақ екінші курста наушникпен ән тыңдап, «ыңылдап» бастадым. Ең бірінші Еркін Нұржановты тыңдап өстім, сосын Төрағали, Қайрат Нұртас бар. Соларды тыңдап өстім. Оған қоса 5 класста вокалдан дәріс алғаным бар. Екінші курсты тәмамдап, үйдегілермен сөйлестім де, үйдегілерге менің қолымнан ән шығару келетін сияқты деп, Алматыға бір жетіде кетіп қалдым», дейді Kalifarniya .

Оның айтуынша, Ақтөбедегі мамандар «оранжировка» жағынан мықты емес. Сондықтан Алматыға барып, «ненің қалай» екенін көріп келу керек болды дейді әнші.

Оған қоса, әнші дәстүрлі әннен кетіп қалмаған. Оның айтуынша, қазіргі хит әндерінің өзінде дәстүрлі әннің иірімдері бар.