Бүгін Әділет министрі Қанат Мусин Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мәселесі бойынша баяндама жасады. Онда министр Конституцияға қандай өзерістер енгізілетіні жайлы толық түсініктеме берді. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.

«Мемлекет басшысы өзінің 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында саяси реформалардың 10 негізгі бағытын белгіледі.

Бүгінгі күні осы Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасы әзірленді. Ол нормативтік сипаттағы келесі шараларды көздейді», делінген жазбада.

Бірінші. Конституцияға:

– Президент өкілеттігі,

– оның лауазымда болуына байланысты шектеулер,

– Орталық сайлау комиссиясының, Есеп Комитетінің, Конституциялық Кеңестің төрағалары мен мүшелерінің саяси партиялардан шығуы,

– Парламент Сенаты мен Мәжілісін қалыптастыру тәртібі және оның функциялары,

– республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетін Жоғары Аудиторлық Палатаға қайта құру,

– мәслихаттарды қалыптастыру тәртібі,

– азаматтардың, Бас Прокурордың және адам құқықтары жөніндегі уәкілдің де өтініш жасауына мүмкіндік бере отырып, Конституциялық Сот құру,

– өлім жазасын жою туралы шешімді Конституцияда бекіту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу.

Осы блок бойынша заң жобасын әзірлеу 2022 жылғы сәуірде жоспарлануда.

Екінші. Конституциялық заңдарға және басқа заңдарға:

– әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салу,

– Парламент Сенаты мен Мәжілісін қалыптастыру тәртібі және оның функциялары,

– Конституциялық Кеңестің және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу,

– Жоғары Аудиторлық Палата құру туралы,

– мәслихаттарды қалыптастыру тәртібі мен олардың функциялары,

– саяси партияларды тіркеу рәсімін оңайлату,

– прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша,

– сайлау процесін жетілдіру,

– алқабилер сотының қатысуымен істер санаттарын кеңейту,

– бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау,

– жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер енгізу.

Осы блок бойынша Конституциялық заңның және заңның жобаларын әзірлеу 2022 жылғы тамызда жоспарлануда.

Үшінші:

– Абай, Ұлытау облыстарының құрылуы, Алматы облысының Жетісу және Алматы облыстарына бөлінуі,

– облыстар мен Республикалық маңызы бар қалалар әкімдері орынбасарларының саны бойынша шектеу мәселелеріне байланысты Президент жарлықтары мен Үкімет қаулыларын қабылдау.

Осы блок бойынша Президент жарлықтары мен Үкімет қаулыларының жобаларын әзірлеу 2022 жылғы маусымда жоспарлануда.

Әділет министрлігі заң жобаларын әзірлеу бойынша қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуде.