Астанада Алматы облысы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті

1668

Астанада өңірлік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кезекті жәрмеңкесі өтті.

Бұл жолы Елорда тұрғындары мен қонақтарына Ақтөбе мен Алматы облыстарының шаруалары кең көлемде өнім түрлерін жеткізді.

Алматы облысының үш қаласы мен 19 аудан орталығынан келген шаруалар 1 млрд теңгенің 2800 тонна өнімін ұсынды.

«ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде біз Астанаға 19 мың тонна өнім жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бізге күн сайын 7 мың өнім жеткізетін дистрибьюторлық компаниялар бар. Ал жылжымалы жәрмеңкелерде шаруалар 12 мың тонна өнім әкеледі. Мұндай шаралар облыс кәсіпкерлері үшін аса тиімді. Ыстық ауа-райына қарамастан өндірушілер тырысып бағуда. Бізде рефрижератор фуралар бар, барлық өнімдер сол жерде сақталады. Маусым барысында біз жәрмеңкеге үш рет қатысуды жоспарлап отырмыз», – дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров.

Алматы облысының өнімдеріне тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары екені байқалады. Астаналықтар әсіресе келісі 180-нен 210 теңге аралығындағы жаңа піскен картопты көптеп алуда. Сондай-ақ, құлпынай, шие, балық және сүт өнімдері де жақсы өтіп жатқанын айтады Алматы облысы әкімдігінің өкілдері.

Сонымен қатар Астананың ауылшаруашылығы басқармасы қойылған өнімдердің бағасына мониторинг жүргізіп, санитарлық талапты да қадағалауда.

«Баға саясатын қадағалаудан тыс, мұнда таң атпастан ветеринар дәрігерлер жұмыс жасауда. Олар арнайы зертханаларда сынама жүргізіп, қауіпті заттардың бар-жоғын анықтайды. Сонымен қатар мұнда тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті, қалалық әкімдіктің өкілдері де жұмыс істеп жатыр, олар құжаттарды тексереді. Сауда сөрелеріне тауарлар толық тексерістен өткеннен соң ғана қойылады», – дейді Астана қаласының ауыл шаруашылығы басқармасы азық-түлік өнімдері қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ризагүл Мүсілімова.