Жатақхана да — шағын мемлекет. Оның да басшысы, оның да жазылған және жазылмаған заңдары болады. Мысалы, көршің бір-екі картоп немесе пияз сұрап келіп тұрған кезде бар нәрсенің жоқ деп айтып, шығарып салуға болмайтыны – заңда жазылмаса; сағат 23.00-ден кейін жатақханаға кіре алмайтыны туралы жазылған. Тағы да, бір бөлмеден қазан не табақ алсаң, оны жуып, тазалап ішіне бір-екі түйір кәмпит салып иелеріне әкеліп беру жайында – жазылмаса, сағат 23.00-ден кейін залда сенделіп жүруге, бөлмеде қатты шулауға болмайтыны – жазылған.
Сондай-ақ, құрбыңның бөлмеде ұмытып қалдырып кеткен рұхсатнамасын оған көмек қолын созу ретінде терезеден лақтырып беруге болатыны – жазылмаса, сол терезеден кешігіп келген досыңды кіргізіп алуға болмайтыны – жазылған. Бөлмелес құрбыларыңа «мен диетадамын» деп алып, дәмханадан KFC неме BURGER-ге тойып келуге болмайтыны – жазылмаса, бөлмені тазалап, қалдықтарды шығарып отыру керектігі жазылған. Міне, сондықтан студент деп аталатын халық жатақхананың осынау заңнамаларын мақұлдап, қол қоюы тиіс. Егер осы талаптарды орындамай, қатаң сөгіс алса, 3 ескертуден кейін жатақханадан шығатыны – жазылса, студенттің өз стипендиясын жөнсіз құртып тастап, алыстағы ата-анасынан ақша сұрай бермеу керектігі – жазылмаған. Сондықтан, студент жатақхана алар кезде мынандай ант қабылдауы керек.
«Мен, Сәрсенбаева Сәрсенгүл Сәрсенғалиқызы, осы жатақхананың тұрақты тұрғыны бола отырып, бөлмемді таза ұстауға, тамақты дәмді етіп пісіруге, душқа екі сағат бойы түспеуге, коммендатқа құрмет, вахтер апайға ізет көрсетуге, таңертең оятқышымның дауысымен қыздардың бәрін оятпай өзім тұруға, түнде ұйқысырап сөйлемеуге, ауылдан келген сәлемдемеммен бөлмелестеріммен бөлісуге, алған затымды қайтарып беруге, қытай кеспесін көп ішпеуге, майонезді мүлде татып алмауға, сұрап алған бір картоптың орнына үш картоп қайтаруға, ауылдағы анама қарным ашып тұрса да, тоқпын деп айтуға, жатақхана заңдарын бұлжытпай орындауға ант етемін, ант етемін, ант етемін!»
P.S. А, а, айтпақшы, бұл ант та әлі жатақхана заңында жазылмаған. Ал жазылмаған заңдарды орындамау керек деп кім айтты? Ешкім. Сондықтан, құрметті тұрғындар, жатақхана алғандар болса, жаңағы антты ұмытпасын! Ата-анасының жанында тұратындар өз үйлерін ұлықтасын! Ал мен жатақхананың үшінші жылғы тұрғыны ретінде ары қарай заң жайында ештеңе айтпаймын. Өйткені, ол – әскери құпия.
Авторы: Әсем ҚҰЛМАНОВА